Қарияларға құрмет көрсетілді

Халықаралық қариялар күніне орай, Сарытоғай ауылында жүзге жуық осы санаттағы адамдарға мерекелік дастархан жайылды.

Шараны ұйымдастырушы мектеп, клуб, кітапхана ұжымдары әннен шашу шашып, ауылдастарының алғыстарына бөленді. Ауыл ақсақалы Уәли Рахымжанов ағамыз сөз алып, ынтымақ-бірлігі жарасқан көп ұлтты Сарытоғай ауылының кешегісі мен бүгінгі келбетін салыстыра әңгімелеп, осы отырған үлкендер ауыл тағдырын кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырып, туған жер тарихымен кеңінен таныстыруымыз қажет деп елдік мәселені қозғады. Сексен бес жастағы ардагер ұстаз Есенаман Қапсалихов ағамыз да бірнеше ұрпақ өкілдеріне дәріс беріп, шәкірттерін қияларға қанат қақтырғанын мақтаныш сезіммен айтты.

Тағдыр тәлкегімен Қиыр Шығыстан келіп, Сарытоғайдан пана тапқан болгар ұлтының өкілі Стамовтың жүрек тебірентерлік сөзі жерлестерін бір сәтке терең ойға қалдырғандай. Иә, тасқа қашалған тарих ешқашан ұмытылмайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей шараны ұйымдастырушылар мерекелік дастарханның бар ас мәзірін осы ауылдың тумасы, «Батыс Альянс» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Әділ Жұбанов көтеріп алғандығын жалпақ жұртқа жария етті.

Е.Ғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521