Ардагерлер ардақталды

Аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауыл ақсақалдарымен кездесті.

– Отыз мыңнан астам тұрғыны бар ауылшаруашылығы дамыған ауданымыз Атырау облысының азық-түлік белдеуі болып саналады. Тоқсан жылдық тарихы бар ауданның бүгінде жеткен жетістігі де, айтары да, мақтанары да жетерлік. Ауданымыздың мерейлі мерекесіне орай Бәйгетөбе мекенінде ат бәйгесі және көкпар ойындары ұйымдастырылды. Жиналған көпшілікке концерттік бағдарламалар, алтыбақан, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. «Мерейлім, мақтанышым – Махамбетім!» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Ауданның өсіп-өркендеуіне өздеріңіздің де қосқан үлестеріңіз орасан, – деген Жәрдемғали Бахуұлы ардагер Ж.Сұлтанов, Ұ.Төлегенов, Ғ.Қарағаевтарға алғыс хат табыс етті.

Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сәменов, елімізге тыныштық, ауданымызға абырой, ардагерлерге денсаулық, жастарға жалын тілей отырып, Ә.Сұпығалиев пен Қ.Сисеновтің, ал ауданның құрметті азаматы Мәндірғали Оразғалиев Т.Кенжалиев пен Т.Есенғазиевтың төсіне «Махамбет ауданына 90 жыл» төсбелгісін қадады. Осындай төсбелгі денсаулығына байланысты жиынға қатыса алмаған ардагер Ү.Аққайсиевке де арнайы табыс етілді.

Кездесу барысында Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауына орай салиқалы ой-пікірлер айтылды.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521