ads_hero

Ардагер ұстаздарды арнайы барып құттықтады

Мұғалімдер күні қарсаңында аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Р. Мусин аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашевтар ардагер-ұстаздардың үйлерін аралап, оларға құрмет көрсетті.

Бейбарыс ауылында тұратын 85 жастағы Ғалымжан Абишев ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріпті. Қарияны аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Самат Нұреденұлы, білім бөлімі басшысының орынбасары Расул Төлегенұлы құттықтап, сый-сияпатын ұсынды. Ардагер-ұстазды А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп директоры О.Өтебалиев те құттықтап, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының мәуелі бәйтерегі болып, отыра беруге тілектестік білдірді. Сонымен қатар мектеп басшысы Ғалымжан ағаның ұлы Тұрар мектепте өтетін іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына, «Мектепке жолға» белсене қатысатынын айтты. Ардагер Ғалымжан Қабдолұлы кезінде педагогикалық институтта Халық мұғалімі Қ.Айтқалиевпен бірге оқығанын, ұстаздық жолдағы қызықты жайттарды еске алды.

Сексен жасқа шыққан Жұмабаев Мырзағали ағамыз Ортақшыл ауылының тумасы. Ол кісі математика пәнінен Қосарал орта мектебінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген екен. Жолдасы Тамара апай да ұстаздық еткенін білеміз. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Р.Мусин ардагерді 80 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, гүл шоғын, қысқа толқынды пеш ұсынды. Мерекемен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, Қосарал орта мектебінің директоры Ә.Олжағалиев та ардагерді құттықтауға көшті.

a

Есбол ауылында тұратын 87 жастағы анамыз Бәтима Рахметова да марапаттан құр қалмады. Өзін құттықтап келгендерге анамыз жас балаша қуанып қалды. Ардагер-ұстаз Бәтима Рахметқызы өзінің Есбол орта мектебінде көп жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, еңбек еткенін, ұстаздық жолды өз жүрек қалауымен таңдағанын еске алды. Ардагер анамызды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, білім бөлімі басшысының орынбасары Р.Төлегенұлы құттықтап, мықты денсаулық тілеп, сый-сияпат тарту етті. Бәтима анамыз ауданнан құттықтап келгендерге өз ризашылығын білдіріп, бата берді.

arda5

Алға ауылында тұратын 80 жастағы Қаламқас Елеусинова анамыз бастауыш сынып мұғалімі екен. Ол кісі де өзін құттықтап, арнайы келгендерге балаша қуанып, төрін ұсынды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Самат Нұреденұлы анамызды мерейжасымен, мұғалімдер күнімен құттықтаса, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Расул Мусин де өз лебізін білдіріп, сыйлықтар ұсынды. Қаламқас анамыз елдің баласы үшін бүкіл отбасын, үй-күйін ұмытып, аянбай еңбек еткенін, ұстаз үшін әр шәкіртінің орны бөлек екенін, тіпті науқастанған шәкіртін үйіне іздеп барып, сабақ бергенін, ұстаз болғаны үшін әсте өкінбейтінін айтты.

a

Тіпті Қаламқас анамыз аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің ішкі беттері латынмен жазып жүргенін де байқапты. Соңғы кездері көзі ауырып, газетті көп оқи алмай жүргендіктен немере-шөберелеріне оқытатынын айтты. Анамызды ауылдағы Алға орта мектебі ұжымы да құттықтап барды. Олар мектеп кәсіподақ ұйымы атынан өз сыйлықтарын ұсынды. Науқастанып жүргеніне қарамастан Қаламқас әжеміз алғысын жаудырып, батасын беріп жатты.

А.Қуанышқалиева

Кенжегул

ads_hero