ads_hero

«Қайран біздің аналар, арды ойлаған!..»

Теріскейден алтын күрек желін естіріп, алты ай қыс бойғы қалың тоңның құрсауындағы жердің сауырын жіпсітіп, аспандағы күн шұғылалы шуағын сепкен көктемнің алғашқы мерекесі барша аналар қауымының кеуделеріндегі үміт шоғын маздатып, жағымды жаңалықтарын сүйіншілеп жеткізді. 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында бір топ аналарды мерекелік дастарханға шақырып, емен-жарқын әңгіме тиегін ағытқан аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы партия съезінде айтылған Елбасы тапсырмаларының жергілікті жерде орындалу барысы, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша тоқталып өтті.

Алтын алқа иегері З.Сұпығалиева: «біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған адамдармыз. Шүкір, құдайдың берген ұл-қызын өсіріп, жетілдірдік. Қазіргі тірлігімізге тәубе, өз күнімізді өзіміз көретін жағдайымыз бар. Тек үйдегі отағасы әкіммен күнде кездесе бермейсің, Өміршін көшесіне асфальт жол қашан төселеді, соны біліп кел деп еді...» деп анаға тән биязылықпен бұйымтайын сыпайы түрде жеткізді. Аудан әкімі Ж.Ахметов жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын Махамбет ауылішілік жолдарға асфальт төселетінін айтып, Өміршін көшесі сол жоспарға еніп тұрғанын жеткізді.

Сот саласының ардагері М.Жұмағалиева елдің тыныштығын тілеп, бес уақ намазын қаза қылмайтынын айтып, жастарды имандылыққа тәрбиелеу жөніндегі ойларын ортаға салды. Сарытоғайлық «Алтын алқа» иегерлері С.Мұхтарова мен Р.Ниғыметовалар да өздерін құрметтеп, осындай тағылымды шара ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылық сезімдерін білдірді. Ардагер ұстаз, «Күміс алқа» иегері махамбеттік К.Рамазанова өзінің оңтүстіктің қызы екендігін, саналы ғұмырын елге сыйлы азамат Бақытжан Рамазановпен бірге өткізіп, ұрпақ өсіргендігін айта келіп, алғаш Жайық бойына желегі желбіреп, келін боп түскен шақтарын еске алып, ене мен келін арасындағы сыйластық төңірегінде ой өрбітті.

Мерекелік дастархан басында бас қосқан алтын құрсақ аналардың осы қалайы жоқ. Кезінде қиындық көріп, бейнет кешкен аналар қазіргі өмірлеріне дән риза. Аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы: «өздеріңді толғандырған мәсе- ле болса, айта отырыңдар» деп аналардың бәріне бірдей емін-еркін сөйлеу мүмкіндігін жасап, ашық микрофон ұсынса да, «шүкірміз, барға қанағат» деуден әрі аспады. «Қайран біздің аналар, арды ойлаған!» деген ақиық ақын Мұқағалидың өлеңі дәл осындай үлкен жүректі, қайсар рухты аналарға арналса керек. Домбырамен күмбірлете күй шертіп, сырнаймен сызылта ән салған аудан өнерпаздары Батыр аналарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

Super User

ads_hero