Тәрбие – тал бесіктен

Аудандық газеттің ағымдағы жылы 17 қаңтар №3 санында «Қызым үйде, қылығы түзде» атты тілші Б.Сапарованың мақаласы жарық көрді. Осыған орай қыз тәрбиесі жөнінде өз ойымды білдірсем деп едім.

Өткен заман жөні бір басқа, бүгінгі өмір бір басқа еркіндік, тәуелсіздікті ананың ақ сүтіндей таза бағалап, болашағын ойламайтындарды мүлде түсінгің келмейді. Теңдік гендерлік деп жымысқы саясатпен жар сүйіп, жар қызығын, бала сүйіп, бала қызығын көруден шеттейді. «Ақыл – есі түзу қалыңдығың болса, тартынба, нәрестелі бол» деп ақыл қосатын қазір ана тапшы. Білеміз, қай қоғамда да алдымен әйелдер қорланады, тоналады, талауға түседі. Шетелден келген түрлі секталар көргенсіз ойын-сауықтар біраз қыздардың өмірін талқан етті. Шетелдік кейбір зұлымдар құшақ-құшақ ақшамен бас айналдырып, түпкі мақсаты қазақ елін қарайған мемлекеттер қатарына тездетіп қосқысы келетінін қай ата - ана біледі. Бүгін төсі, кіндігі ашылып, абыройы шашылып жүрген қыздардың ертеңгі күні осындай зұлым тағдыр алдарында күтіп тұрғанын ашық айтып тыюды қолға алатын кезең жетті. Балабақшадан бастап би өнері үндінің жалаңаш биі деп желпілдегенше, қолымен бір шаңыраққа бірігіңдер дейтін қазақ биін үйрету қазіргі өнер ұстаздарының естерінен шыққан сияқты. Қазақ вальсі – өнердің биігі емес пе? Қазақта қыз отырып қалса – жұт, ұл шаңырағын көтерсе «құт» - деген мақалды ұрпақтың құлағына құйып отыратын ата-ана аз-ау деп топшылаймын.

Ұлтымыздың бір перзентінің қайғысы - көптің ортақ қайғысы болуы қажет. Тұмшаланғандарға, сақалы беліне түскендерге, талақ деп әйелді қорлайтындарға Заң шықпауы - біздің жастарымызды тығырыққа тіреуі мүмкін. Діни сауатсыздық «Өлікті жерде молда семіреді» дегенге жол берілуде. Дін сенімі - адалдық. Қыз сенімі де адалдық пен ақ жүрек болуына қарай қаяу түспеуі қажет.

Тәрбиенің тал бесігін тербететін ұстаз бен дін иелері бірлесе қоян -қолтық ата - анамен жұмыс істеуі оң нәтиже бермек. Бұрын «Қыз - тәрбиесі», «Ұл - тәрбиесі» деген мәселе мектептің білім беруінде ең ұлағатты ұстаздарға жүктелетін. Баланың өтпелі кезеңі қадағаланып, дер кезінде ата-анамен байланыста педагогикалық жұмыс жүретін. Ұл баланы ұлша тәрбиелеу, сабырлыққа үйрету, жауапкершілікпен ұстаздардың ата-анамен жиі ақылдасуымен жүргізілетін.

Баланың қалыптасуының, тәртіп-тәрбиенің негізі осы болатын. «Қызды қырық үйден тыю» дәстүрі өз-өзін ұстаудан қалыптасатын. Міне, еркіндік, әр істі ойланып, сезім, оның шынайылығын пайымдау – қыздың асыл қасиеті қалыптасатын. Қазір осы қадағалау ата-ана тарапынан осалсып, бәрін мектепке ысырып, сәнді киінгенді қызым қызғалдақтай құлпырды деп мақтанатын ана баршылық. Оның рухани дүниесі – шүберекпен өлшене ме? Дүниеқоңыздық жастарды кеулеп кетпеді ме? Мектепте аты бар да терең зерделі психолог жоқ. Тәрбие ошағы балабақша, мектеп, мәдени мекеме, бұл қазанның үш бұтағы сияқты тұғыр. Осы үшеуі бірігіп, ата-анамен жұмыс істесе, бала болып ойланса, ойнаса, қиял ғажайып арман құшағына еніп, одан шығып шындық өмірдің шыңына өрмелесе – міне, тәрбие деген осы. Арасында құлап – сүрініп, түзеліп кетуге үйрету, сабыр түбі – сары алтынды қалыптастыру – өнегенің ең биігі.

Біз ата-бабадан сөз бен істің бірлігін қалыптастастырған «қыз өссе – елдің көркі» - деп әр ауыл қыздарын ұлылаған халықпыз. Дәстүрдің озығына ұмтылып, өз халқымызды сүйейік. Ошақ басын берік ұстайық.

С.ЗИНОЛЛИЕВ,

Алмалы ауылының тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521