Сыйластық сүйіспеншіліктің кілті

Неке, отбасы деген ұғым сонау адамзаттың жаратылуынан яғни Адам ата мен Хауа анамыздан бастап келе жатқан өте қасиетті ұғым.

«Отан отбасыдан басталады»-деп дана халқымыз айтқандай, бір қоғамның және халықтың негізгі іргетасы жанұя болып табылады. Егер отбасымызды Исламға сай етіп құратын болсақ, жәннәттағы сарай секілді іші тыныштық пен берекетке толы болмақ. Осындай мықты отбасыдан құралған мемлекет те, бейбітшіліктің қайнар көзіне айналмақ. Асыл Ислам дініміз әрбір жеке тұлғаның және қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету үшін жанұяға өте қатты көңіл бөледі. Отбасы іргесін сақтау һәм ішіндегі берекетті арттыру үшін өзіндік қағидалар, міндеттер қойған. Отбасыдағы әрбір жанның құқығы және міндеті бар. Егер осы міндеттер орындалып, құқықтар сақталған жағдайда жанұяның тұғыры биік, керегесі кең болмақ.

Біздің сүйікті Пайғам- барымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасы құруға ынталандыратын хадистеріне назар салайық: «Отбасы құрыңыздар, христиан діндарлары секілді болмаңыз». «Құл үйленген сәтте дінінің жартысын толықтырған болады». «Әрбір мүмин ахиреттегі бақыты үшін жәрдемші болатын өмір жолдасымен үйленсін». «Ризық-несібені отбасы құрудан іздеңіздер». «Үйленіңіздер, көбейіңіз- дер! Өйткені, қиямет күні Мен сіздердің көптіктеріңізбен қуанамын». «Үйлену менің сүннетім. Кім мұны тәрк етсе, менен емес».

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осынау сөзіне құлақ аса отырып, сәті келгенде уақыт өткізбестен балаларын үйлендіру әрбір ата-ананың міндеті. Мемлекетіміздің, халқымыздың іргетасы бекем болып жалғасын табуы, ұрпағымыздың көбеюіне, отбасыға байланысты. Бақытты отбасы өздігінен орнай салмайды. Оған екі жастың еңбегі мен маңдай тері ауадай қажет. Ендеше, өзгелер қызыға да қызғана қарайтын отбасы болу үшін не істеу керек? Біріншіден, сабырлылық. Ашу – дұшпан, ақыл – дос деген. Қандай қиын жағдай болмасын, сабырлылық танытып, қиыншылықты бірлесіп жеңуге тырысу керек. Қасиетті Құранда сабырлыларға аса үлкен сый бар екені айтылған. Екіншіден, мейірімділік. Жылы сөз жан жылытар, ал қатыгездік екі жанды алшақтатып, жек көруге алып келеді. Бұл тұрғыда адамдардың асылы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге үлгі болып табылады. Үшіншіден, сырласа білу. Одан әрі түсіністік. Белгілі бір мәселені шешуде ашуға емес, түсіністікке жүгінген дұрыс. Ол барлық мәселелерді шешудің кілті. Жасыратыны жоқ, отбасындағы ұрыс-керістің көбі негізінен ақшамен байланысты болып жатады, тіпті кейбір отбасылар ажырасуға дейін барады. Сондықтан қай ақшаны қайда жұмсайтындарыңызды, керек – жарақты түгендеу сияқты сұрақтарды ерлі-зайыптылар бірлесіп шешкені дұрыс. Менің ақшам, менің айлығым деген ұғым отбасында мүлде болмауы тиіс. Сыйластық сүйіспеншілікке алып келеді, ал сүйіспеншілік бақытты отбасы болудың кепілі. Әрбір іске Алла қаласа деп жақсы ниетпен кірісу, жоспарлар жасау, балаларға жайлы өмір сыйлау – ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ,

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521