Президент Жолдауында белгіленген басым бағыттарды түсіндіру жұмыстары С. Балғымбаев атындағы кен орнында жалғасты.
Бұл жолы «ЖайықМұнайГаз» мекемесінің қызметкерлерімен кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, еңбекақыны арттыру және көлік жолдарының сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Жиында ҚР Құрылтайының депутаты Арман Хайруллин демографиялық өсімге байланысты алдағы уақытта білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу мен жаңғырту қажеттігін атап өтті.
– Жыл сайын дүниеге келетін 300-400 мың сәбидің болашағы үшін қолжетімді әрі сапалы әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Осыған орай ел бойынша 70-ке жуық медициналық нысан, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысаны бой көтереді, – деді А. Хайруллин.
Кездесуде әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесі де көтерілді. – Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруден бөлек, учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұдан бөлек, білім, мәдениет және өзге де салалардағы техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттігі де назарға алынды, – деді Құрылтай депутаты.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тыңдаған мұнай-газ өндіру инженері Дастан Әділбекұлы Жолдауда көтерілген міндеттер мен жоспарлардың ел дамуы үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Бүгін Президент Жолдауын түсіндіру үшін арнайы келген топ өкілдеріне алғыс айтамыз. Ел болашағы үшін салынатын жаңа нысандар, соның ішінде денсаулық сақтау ұйымдары, мектептер мен спорт кешендерінің көбеюі – қуантарлық жаңалық, – деді ол.
Кездесуде елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі де қозғалды. Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымының 85 пайызы Қазақстан арқылы өтетіні айтылып, Қытайды Шығыс Қазақстанмен, Аралды Каспиймен байланыстыратын жолдар салу, сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту міндеттері түсіндірілді.




