Салауатты өмір белсенділіктен басталады

    Қазіргі қоғамда денсаулық мәселесі әр адамның жеке жауапкершілігіне айналып отыр. Сол себепті физикалық белсенділік – салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі ретінде ерекше маңызға ие. Тұрақты қозғалыс тек жақсы дене бітімін қалыптастырып қана қоймай, көптеген қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

   Физикалық белсенділік әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер үшін бұл – таза ауада серуендеу болса, енді бірі үшін – спорт залдағы жаттығу немесе би. Ең бастысы – адамның өзіне қуаныш сыйлайтын, тұрақты түрде жасай алатын қозғалыс түрін таңдауы. Күніне небәрі 20-30 минут белсенді қимылдың өзі ағзаға оң әсерін тигізеді. Аптасына кемінде 150 минут физикалық белсенділікпен айналысу ұсынылады. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, 2-типті қант диабеті, семіздік және кейбір онкологиялық дерттердің даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар, тұрақты жаттығулар қан қысымын реттеп, иммунитетті нығайтады және жалпы өмір сүру сапасын арттырады.

   Физикалық белсенділіктің пайдасы әртүрлі бағытта көрініс табады. Мәселен, жүрек пен қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктеме оны шынықтырып, қан айналымын жақсартады. Ал зат алмасудың жылдамдауы дене салмағын бақылауда ұстауға көмектеседі. Белсенді өмір салты сүт безі мен тоқ ішек обыры секілді кейбір онкологиялық аурулардың алдын алуға да ықпал етеді. Сондай-ақ қозғалыс тірек-қимыл аппаратының саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Сүйек пен буындардың икемділігі артып, егде жаста омыртқа ауруларының қаупі азаяды. Бұдан бөлек, физикалық белсенділік адамның психикалық денсаулығына да оң әсер етеді. Ол күйзеліс пен мазасыздықты азайтып, ұйқы сапасын жақсартады, есте сақтау мен зейінді күшейтеді.

   Күнделікті өмірге қарапайым белсенділік түрлерін енгізу маңызды. Атап айтқанда, күн сайын жаяу жүру, жүзу, велосипед тебу, би билеу немесе таңертеңгілік жеңіл гимнастика жасау – денсаулықты нығайтудың тиімді жолдары. Дегенмен, кез келген жаттығуды бастамас бұрын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар дәрігермен кеңескені жөн. Бұл денсаулыққа зиян келтірмей, жаттығудың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Денсаулық – ең басты байлық. Ал оны сақтаудың ең қарапайым әрі қолжетімді жолы – тұрақты қозғалыс пен белсенді өмір салты.

 

Динара ЛҰҚПАНОВА,

Махамбет аудандық ауруханасының салауатты өмір салтына жауапты маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT