4 қыркүйекте Атырау қаласындағы Renaissance қонақ үйінде KAZDRILLING 2026 III жыл сайынғы конференциясы өтеді. Іс-шара Қазақстандағы геологиялық барлау, сейсмика, бұрғылау және мұнай-сервис салаларын дамыту мәселелеріне арналған негізгі пікір алмасу алаңдарының бірі болады.
Конференция ҚР Энергетика министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің және ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» қолдауымен, мұнай-сервис компанияларының одағы KazService тарапынан ұйымдастырылады.
KAZDRILLING 2026 геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру және еліміздің ресурстық базасын кеңейту бағытындағы жаңа мүмкіндіктер қарастырылып жатқан кезеңде өтеді. 2026 жылы Қазақстан Үкіметінің резервінен кешенді геологиялық барлау бойынша 20 жобаны іске асыруға 40,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар алдағы үш жылда жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге қарастырылған.
Конференция барысында геологиялық базаны нақты инвестициялық және өндірістік жобаларға айналдыру мәселесі басты назарда болады. Қатысушылар геологиялық және сейсмикалық барлау жұмыстарын тиімді жүргізу, жаңа учаскелерге қолжетімділікті кеңейту, отандық технологияларды дамыту, бұрғылау өнімділігін арттыру, жабдықтарды жаңарту және мұнай-сервис саласына инвестиция тарту мәселелерін талқылайды.
Пленарлық сессияға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және ірі мұнай-газ операторларының өкілдері қатысады. Сессия модераторы – ҚР ҰКП «Атамекен» Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев. Конференция жұмысына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов пен ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың қатысуы күтіледі.
Жиында заманауи геологиялық барлау әдістеріне де ерекше назар аударылатын болады. 2026 жылы аз зерттелген Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу мұнай-газ бассейндерінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстары бойынша алты жобаны іске қосу жоспарланған.
Іскерлік бағдарлама «Барлау, сейсмика және бұрғылау» және «Сланецті мұнай және газ» тақырыптық секцияларымен жалғасады. Онда заманауи сейсмикалық барлау технологиялары, күрделі ұңғымаларды бұрғылау, алынуы қиын қорларды игеру, отандық мұнай-сервис саласын дамыту және жаңа ресурстық нысандарды игеру перспективалары талқыланатын болады.
Сонымен қатар мұнай-сервис саласының дамуына тікелей әсер ететін практикалық мәселелер де күн тәртібіне шығарылады. Атап айтқанда, тапсырыстар мен жаңа жобаларға қолжетімділік, жабдықтар мен технологиялардың құны, кадрлық қамтамасыз ету, өндірісті оқшаулау, технологиялық тәуелсіздік, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар мен сервистік компаниялар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылатын болады.



