Атырау қаласында жергілікті тауар өндірушілердің «Атырауда жасалған» көрме-жәрмеңкесі ашылды. Шараға 100-ден астам кәсіпкер қатысып, отандық өндіріс пен жаңа технологиялар саласындағы өнімдері мен жобаларын таныстырды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Данияр Таханов кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың өңір экономикасын дамытудағы рөліне тоқталды.
-Кәсіп ашып, оны дамыту – үлкен еңбек. Сіздер жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа қажетті өнімдер шығарып келесіздер. Бүгінгі көрме – өз өнімдеріңізді таныстырып, жаңа серіктестер тауып, тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік. Биыл көрмеде креативті индустрия жобаларының да көп болуы қуантады. Қала әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайын, – деді қала басшысы.
Биылғы көрме өндірістің дәстүрлі бағыттарымен қатар, заманауи технологиялар мен шығармашылық кәсіпкерлікті де қамтыды. Атап айтқанда, мұнай-химия, құрылыс, жеңіл және металл өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі салаларындағы кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. Сонымен бірге IT және креативті индустрия бағытындағы жобалар таныстырылды.
Көрме аясында кәсіпкерлерге арналған пленарлық сессия ұйымдастырылып, мемлекеттік қолдау тетіктері, еңбек заңнамасының талаптары және еңбек инспекциясына қатысты мәселелер талқыланды.
Бұдан бөлек, қатысушылар цифрлық жобалардың таныстырылымдарына қатысып, түрлі шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасты. Бағдарлама «Халық дауысы» алаңындағы кездесулермен және өзге де танымдық шаралармен жалғасты.
«Атырауда жасалған» көрме-жәрмеңкесі жергілікті кәсіпкерлерге өнімдерін кеңінен таныстыруға, іскерлік байланыстар орнатуға және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыруға арналған алаң болды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.




