Бүгінде облыста өндірілген балық өнімдері Ресей, Украина, Литва, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Венгрия, Израиль және Словакияға экспортталады. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Бекзат Сәрсенғали мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биылғы қаңтар–маусым айларында өңірде шамамен 5 530 тонна балық ауланып, оның 4 643,4 тоннасы шетел нарығына жөнелтілді. Оның ішінде 4 085,4 тоннасы тағамдық балық өнімдері болса, 558 тоннасы балық өңдеу қалдықтарына тиесілі.
Экспортқа табан, көксерке, сазан, жайын, шортан, қаракөз, ақмарқа және беріш секілді балық түрлері шығарылады. Экспорт құрылымында мұздатылған балықтың үлесі басым. Сонымен қатар сыртқы нарыққа балық филесі, өңделген балық өнімдері, уылдырық және балық өңдеу қалдықтары да жөнелтіледі.
Өңірдің ішкі нарығын балық өнімдерімен қамтамасыз ету де тұрақты бақылауда. Алғашқы алты айда облыс аумағында шамамен 1 445 тонна балық өнімі қалып, бұл жартыжылдық қажеттіліктің 48 пайызын қамтамасыз етті. Бұл көрсеткішке басқа өңірлерден жеткізілетін және облыстан еліміздің өзге аймақтарына жөнелтілетін өнім көлемі енгізілмеген.
-Бүгінде балық шаруашылығында қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға басымдық берілуде. Осы бағытта мұздатылған балық экспортының үлесін кезең-кезеңімен азайтып, терең өңделген балық өнімдерінің экспорт көлемін арттыру жұмыстары жалғасады, – деді Бекзат Сәрсенғали



