Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі. Адамның дүниетанымы, мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері мен қоғамдағы қарым-қатынасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, өзара түсіністік пен жауапкершілік таныту – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қасиеттер. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайту тек әрбір шаңырақтың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Қазақстанда отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Бұл ретте отбасы құндылықтарын дәріптеу адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттарымен тығыз байланысты.
Берік отбасының негізі – өзара сыйластық, сенім және жауапкершілік. Отбасындағы әрбір адамның пікірімен санасу, балалардың қажеттіліктеріне көңіл бөлу, олардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына жағдай жасау салауатты қоғамдық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Отбасы құндылықтарын сақтау дегеніміз тек дәстүрлерді жалғастыру ғана емес. Бұл – әрбір отбасы мүшесінің қадір-қасиетін құрметтеу, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ өзара міндеттерді адал орындау. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ерлі-зайыптылардың өзара қолдауы және ұрпақтар сабақтастығы отбасының тұрақтылығын нығайтатын негізгі факторлар болып табылады.
Сонымен бірге қандай да бір дәстүрді немесе отбасылық қатынасты сылтау етіп, адамның құқықтарын шектеуге, қорлауға немесе күш көрсетуге жол берілмеуі тиіс. Отбасының беріктігі оның мүшелерінің қорқынышқа емес, сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынасы арқылы айқындалады.
Баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге, білім алуға, денсаулығын сақтауға, өз пікірін білдіруге және зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғалуға құқығы бар. Бұл құқықтарды қамтамасыз ету ата-ананың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдардың және жалпы қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық негіздерін белгілейді. Ата-аналар баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына қамқорлық жасауға және білім алуына жағдай жасауға міндетті. Ал баланың құқықтары бұзылған жағдайда заңда көзделген тәртіппен тиісті органдарға жүгінуге болады.
Атырау облысында да балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылуда. 2026 жылғы 13 сәуірде Атырау қаласында өткен өңірлік кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды. Кеңеске мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру саласының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.
Бұл мәселелердің өзектілігі балалардың қауіпсіздігі тек бір мекеменің міндеті емес екенін көрсетеді. Баланы қорғау үшін отбасы, мектеп және мемлекеттік органдар арасында өзара байланыс пен жауапкершілік болуы қажет.
Отбасы мүшелерінің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғаудың құқықтық тетіктерін білу маңызды. Осы бағытта Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты ерекше орын алады.
Қазақстан Республикасының «Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Уәкіл және оның өңірлердегі өкілдері қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету.
Атырау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталығының өкілдігі азаматтардың өтініштерін қарау, құқықтардың ықтимал бұзылу жағдайларын зерделеу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында қызмет атқарады.
Орталыққа азаматтар өз құқықтарының бұзылғандығына, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты мәселелер туындаса, сондай-ақ заңда көзделген құқықтық қорғау тетіктері жөнінде түсіндіру қажет болған жағдайда жүгіне алады. Мұндай өтініштер уәкілетті органның құзыреті шегінде қаралады.
Сонымен қатар, бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірдегі балалар омбудсменімен және тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың маңызы зор. Атырау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі мен бала құқықтары жөніндегі омбудсменнің кездесулерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды қорлауға жол бермеу және ата-аналардың тәрбиеге қатысты жауапкершілігі мәселелері талқыланған.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – жеке отбасының ғана мәселесі емес, адамның негізгі құқықтары мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Қорлау, қорқыту, күш көрсету немесе адамның еркін шектеу отбасы құндылықтарына қайшы келеді. Мұндай жағдайларды жасыру мәселені шешпейді, керісінше оның ушығуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан әрбір азамат зорлық-зомбылық белгілеріне бейжай қарамауы, ал көмекке мұқтаж адамдар қажетті қолдау мен қорғауға қол жеткізе алуы тиіс. Егер баланың немесе отбасы мүшесінің өміріне не денсаулығына қауіп төнсе, құқық қорғау органдарына және тиісті қызметтерге жедел хабарлау қажет. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстанда тәулік бойы жұмыс істейтін 111 байланыс орталығына да жүгінуге болады.
Отбасы құндылықтарын нығайту үшін құқықтық сауаттылықты арттыру, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде қолдау көрсету қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың бірлескен әрекеті арқылы нәтижелі бола алады.
Қоғамның тұрақтылығы мен болашағы әрбір отбасының әл-ауқатына, балалардың қауіпсіздігіне және адам құқықтарының сақталуына тікелей байланысты. Отбасындағы сыйластық пен жауапкершілік нығайған сайын қоғамдағы өзара сенім де арта түседі.
Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау – өткеннің өнегесін жалғастыру ғана емес, әр адамның құқығы мен қадір-қасиеті қорғалатын қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға қосылған маңызды үлес.
Амангелді АБДОЛОВ,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі
Уәкілдің Атырау облысы бойынша Өкілі



