Күз бен қыстың суық күндері басталғанда тұрғын үйлерде жылу көздерін пайдалану қарқын алады. Пештер жағылады, электр жылытқыштары іске қосылады, газ жабдықтарына түсетін салмақ артады. Алайда күнделікті тұрмыста қалыпты көрінетін осы әрекеттердің өзі қауіпсіздік талаптары ескерілмеген жағдайда үлкен қатерге айналуы мүмкін.
Өрт қауіпсіздігі – тек төтенше жағдайлар қызметінің міндеті емес, әрбір тұрғынның өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған ортақ жауапкершілік. Сондықтан жылыту маусымына дайындықты күн суытқан кезде емес, алдын ала бастаған жөн.
Пештің қауіпсіздігі – үйдің қауіпсіздігі
Жеке тұрғын үйлерде өрттің туындауына себеп болатын жағдайлардың бірі – пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбау. Пештің жарықтары мен ақауларын уақытылы анықтап, мұржасын күйе мен қалдықтардан тазарту қажет. Пештің алдына жанбайтын материалдан жасалған төсем орнатылып, оның маңында отын, қағаз және басқа да жанғыш заттар сақталмауы тиіс.
Пешті шамадан тыс қыздыруға, оны қараусыз қалдыруға және жағу кезінде тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді. Әсіресе ұйықтар алдында пештің толық сөнгеніне көз жеткізу маңызды.
Электр қауіпсіздігіне де бейжай қарамаңыз
Қыс мезгілінде электр жылытқыштарын пайдалану жиілейді. Бұл ретте электр желісінің техникалық жағдайына назар аудару қажет. Бір электр розеткасына бірнеше қуатты құрылғыны қатар қосу, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдалану және зақымданған сымдарды қолдану қауіпті.
Электр құрылғыларын перде, жиһаз және басқа да жанғыш материалдарға жақын орналастырмаған дұрыс. Үйден шығарда немесе ұйқыға жатар алдында қажетсіз электр құрылғыларын желіден ажыратуды әдетке айналдыру керек.
Газды дұрыс пайдалану – қауіптің алдын алу
Газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Газ плитасын үйді жылыту мақсатында қолдануға болмайды. Газ жабдықтарын өз бетінше жөндеу немесе құрылымын өзгертуге жол берілмейді. Газдың иісі сезілген жағдайда электр қосқыштарын пайдаланбай, газ беруді тоқтатып, есік-терезелерді ашып, адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, тиісті авариялық қызметке хабарлау қажет.
Балалардың қауіпсіздігі – ата-ананың назарында
Үйдегі қауіпсіздік мәселесінде балалардың да жауапкершілігін қалыптастыру маңызды. Балаларға сіріңке мен оттықты ойыншық ретінде пайдалануға болмайтынын түсіндіру қажет. Пеш, электр жылытқыштары мен басқа да қауіпті жабдықтардың маңында балаларды қараусыз қалдырмаған жөн.
Сонымен қатар әрбір тұрғын үйде автономды түтін дабылқаққышының болуы өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Оның жұмысқа жарамдылығын тұрақты тексеріп отырған дұрыс.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – үлкен шығынның алдын алатын қарапайым, бірақ маңызды қадам. Үйдің жылуы мен жайлылығын қамтамасыз етумен қатар, отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығын қорғауды да ұмытпауымыз керек.
Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындарын жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, жылыту құралдарының жарамдылығын алдын ала тексеруге және қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарамауға шақырады.
Өрт қауіпсіздігіне бүгін мән берсек, ертеңгі қауіптің алдын аламыз!



