ЖӘРМЕҢКЕ МЕ, ЖАЙ САУДА МА?

Жуырда аудан орталығындағы «Нарын» коммуналдық базарында әр жұма сай¬ын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне барып, тұрғындармен тілдестік. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – халықты қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету болғанымен, ауыл тұрғындарының бұл мәселеге қатысты пікірі әртүрлі болып шықты.

ТҰРҒЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕНІ ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙДЫ? 

Ауыл тұрғыны Жетпісбай Тұрдағалиевтің айту¬ынша, жәрмеңке атауы болғанымен, кейбір азық- түлік бағалары дүкендер мен жеміс-жидек сататын сауда орындарындағы бағалардан айтарлықтай төмен емес. 

– Жәрмеңкеге келген халық көретіндей етіп азық-түлік бағаларының кестесін іліп қойған дұрыс. Сонда тұрғындар да, кәсіпкерлер де қандай баға сақталуы керектігін біліп тұрар еді, – дейді ол. 

Ал аты-жөнін жарияламауды өтінген ауыл тұрғыны жәрмеңкені жұма емес, сенбі күні өткізуді ұсынады. 

– Жұма күні көпшілік жұмыста болады. Жұмыс уақытында сұрануға тура келеді, кейде оған мүмкіндік те болмайды. Үйде жәрмеңкеге жіберетін басқа адам жоқ болғандықтан амалсыз өзіміз келеміз. Бағасы аса арзан болмаса да осы жәрмеңкеге үйреніп қалдық, – дейді тұрғын. 

Тағы бір ауыл тұрғыны Қажымұқан Жұмағалиев жәрмеңкенің бастапқы мақсаты толық орындалмай отырғанын айтады. 

– Бұл жәрмеңкені Үкімет ең алдымен нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін енгізді. Мұнда негізінен шаруа қожалықтары өз өнімдерін тікелей әкеліп сатуы керек. Алайда кейбір сауда орындары дүкендегі бағамен өз тауарларын осында әкеліп сатады. Сондықтан жәрмеңке өзінің негізгі мақсатына сай болуы қажет, – дейді ол. 

«БАҒАҒА ҚАТЫСТЫ РЕСМИ ШАҒЫМ ТҮСПЕДІ» 

Осыған байланысты тұрғындар көтерген мәселелерді Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевқа жолдадық. Оның айтуынша, аудан кәсіпкерлері өнім бағасын қалыптастыру кезінде Атырау қаласындағы көтерме сауда орындарындағы бағаға тәуелді. 

– Махамбет ауданының кәсіпкерлері облыс орталығындағы көтерме сауда нысандарынан тауар алады. Сондықтан олардың баға саясаты көтерме сауда бағасына тікелей байланысты. Сонымен қатар облыс орталығындағы ірі сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға алу жөнінде ұсыныс берілді, – дейді бөлім басшысы. 

Бағаны қалыптастыру тәртібіне тоқталған Олжас Мырзабаев Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасына 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесі белгіленуі тиіс екенін айтты. Бұл талап кәсіпкерлерге тұрақты түрде ескертіліп келеді. 

Бөлім басшысының сөзінше, жәрмеңкенің басты мақсатына қол жеткізу үшін жергілікті өнім өндірушілерді көбірек тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінге дейін жәрмеңкедегі бағаға қатысты бөлімге ресми шағым түспеген. Ал мұндай өтініштер болған жағдайда заң талаптарына сәйкес қаралады. Сондай-ақ тұрғындар бағаға қатысты ұсыныс немесе шағымдарын аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне, аудан әкімдігіне қағаз жүзінде немесе «Е-Өтініш» жүйесі арқылы жолдай алады. 

Жәрмеңке – тұрғындарға қолжетімді бағадағы сапалы өнім ұсынуды көздейтін әлеуметтік маңызы бар жоба. Сондықтан тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп, жергілікті өнім өндірушілердің қатысуы артып, баға саясатының ашықтығы күшейсе, жәрмеңкенің басты мақсатына толыққанды қызмет ететіні анық. 

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT