Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында халықаралық отбасы күніне байланысты аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев шаңырақ құрғандарына 50, 40, 30 жыл болған үш отбасын қабылдады.
Аудан басшысы Қайрат Есқабылұлы барлық жиналғандарды отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылықтарының маңызына тоқталып, еңбегі елеулі, өмірден көп тәжірибе жинаған, дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, өнегелі отбасылар қатарынан табыла білген, отау құрғандарына 50, 40, 30 жыл толған жанұяларға құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табыстады. Аудан әкімі өз сөзінде «әр үйден күлкі мен қуаныш кетпесін. Әр күн шаттыққа , әр сәт сйластыққа толы болсын, отбасы әрдайым бірліктің, сүйіспеншіліктің үлгісі болсын! Бала-шаға, немерелер қызығына кенеле беріңіздер. Отбасы-ең қымбат қазына, сол қазына ортаймасын!»-деді.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жалел Қабдолов пен Мариям Киталиеваның шаңырақ құрғанына-50 жыл толады екен. Жалел ағай Отан алдындағы борышын Германияда өтеп, кейін Қостанай құрылыс техникумын бітірген. Махамбеттегі жылжымалы құрылыс мекемесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Жан жары Мариям апай Гурьев медицина училищесін бітіріп, аудандық ауруханада үздіксіз жұмыс жасап, осы жерден зейнеткерлікке шыққан. Ол кісілер шаңырақта екі ұл тәрбиелеп-өсірген. Бүгінде балалары бір-бір мамандық меңгеріп, отау құрып үлгерген. Тұңғышы Бауыржан мен келіні Айгүл Астана қаласында тұрады. Жалел аға мен Мариям апа кіші ұл-келіні Бағытжан-Алмажаймен бірге тұрады. Екі баласынан 7 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Жарасбек Измагамбетов пен Мая Есетова 1986 жылы отау құрып, 40 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Жарасбек ағай жоғары білімді, 1987 жылдан бастап еңбек жолын Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор болып бастаған. Полицияда ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет етіп, капитан дәрежесіне дейін көтеріліп, зейнеткерлікке шыққан. Мая апай аудандағы «Алтын-Ай» бөбекжайында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, 2025 жылы зейнеткерлікке шыққан. Өмірге 4 ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бүгінде екі ұлы үйленіп, өз алдына шаңырақ көтеріп отыр. Бала-келіндері жоғары білімді, өз ісінің білікті мамандары. Бұл отбасындағы тәрбиенің жемісі. Қазір жеті немересі бар.
Мұхамбетов Болат пен Нұргүл Медетова 1995 жылы отау құрып, 30 жыл бойы тату-тәтті, мән-мағыналы ғұмыр кешуде. Отағасы Болат Ақтөбе көркемсурет училищесін бітіріп, кітапханада суретші болып, жұмыс жасайды. Ол кісі көп жылдар бойы ауданда музыкалық аспаптарда ойнап, «Сайран» вокалды-инструментальді ансамблінде гитарист болып, өнер көрсеткен. Жұбайы Нұргүл 1993 жылы Шымкент мәдени педагогикалық институтын бітіріп, аудандық кітапханада кітапханашы болып, еңбек етеді. Нұргүл өмірге 6 бала әкелген «Күміс алқа» иегері. Отбасында үлкен аналары, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Қайша Мұхамбетова бар.
Кездесуде аудандық аналар кеңесі төрайымы Тойған Сариева сөз алып, жиналғандарды бүгінгі отбасы күнімен құттықтап, отбасы-шағын мемлекет екенін, аудан мерейін асырып жүре беріңіздер, шаңырақ тек шаттыққа толсын деген ақжарма тілегін арнады.
Аудандық әкелер кеңесі төрағасы Сағын Мамай да мерейлі мерекемен құттықтап, ұлағатты, мерейлі отбасылар көбейе берсін, ұрпақтар қызығын көре беріңіздер деген ізгі ниетін білдірді.
Мерейгерлер Жалел Қабдолов, Жарасбек Измагамбетов, Болат Мұхамбетовтер де кездесуге арнайы шақырған аудан әкіміне өз ризашылығын білдіріп, отбасы құндылығы жанұядан басталатынын, шаңырақ адам өміріндегі басты құндылықтар екенін меңзеді. «Өнерпаз» мәдениет үйінің әншісі Ақкенже Құлымова «Тойбазар» әнін шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қабылдау соңында бәрі ескерткішке суретке түсті.
А.Қуанышқалиева


