Атырау университетінде «Мектепке дейінгі білім беруде STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау» тақырыбында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің ІІІ республикалық слеті өтті. Білім беру саласындағы өзекті бағыттарды талқылауға арналған бұл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар қатысты.
Слет барысында педагогтер мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық әдіс-тәсілдер, STEM элементтерін кіріктіру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары жөнінде ой бөлісті. Әсіресе, «Жасыл балабақша» жобасын ұйымдастырылған іс-әрекетке енгізу, баланың зерттеушілік қабілетін дамыту, шығармашылық белсенділігін арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шара аясында мектепке дейінгі ұйым педагогтері арасында мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Көрмеге балабақшадағы STEM бағыты мен «Жасыл балабақша» жобасы бойынша педагогтер мен тәрбиеленушілердің бірлескен еңбектері қойылды. Атап айтқанда, қайта өңделетін материалдардан жасалған макеттер, шағын жылыжай үлгілері, су үнемдеу жүйелері, жел және күн энергиясын пайдалануға арналған қарапайым STEM модельдері көпшілік назарына ұсынылды. Әр жоба баланың ойлау, талдау, құрастыру дағдыларын дамытуға бағытталған.
Жоспарлы секциялық отырыста мен «STEM білім беру аясында мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбындағы іс-тәжірибеммен бөлісіп, марапатқа ие болдым.

Слет шеңберінде «Үздік педагог» байқауы да ұйымдастырылды. Байқауға ұсынылған 50 жұмыстың ішінен 13-і ғана үздік деп танылып, жоғары бағаланды. Солардың қатарында «STEM зертханасы: мен инженермін» құрастыру және модельдеу» тақырыбында эссе мен ұйымдастырылған іс-әрекет жұмысын ұсынған «Алтын балық» бөбекжайының тәрбиешісі Айнагүл Дандыбаева «Алғыс хатпен» марапатталды.
Мұндай игі бастамалар мектепке дейінгі білім беру саласында экологиялық тәрбие мен STEM бағытындағы жұмысты жандандыра түсетіні сөзсіз. Табиғатты бірге қорғайық! Жасыл болашақты бірге құрайық!
Биғайша Еркинова,
«Алтын балық» бөбекжайының меңгерушісі

