Аудан мен қаланың 14-35 жас аралығындағы жастарын еңбекке баулу, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру және туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік беру бағытында жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маңызы жыл өткен сайын артып келеді.
Биыл аталған республикалық жобаның ХХII еңбек маусымы Махамбет ауданында да салтанатты түрде бастау алды. Махамбет ауылындағы орталық алаңда өткен ашылу рәсіміне жастар, сала мамандары және еңбек жасағының мүшелері қатысты. Шара барысында жаңа еңбек маусымына қадам басқан жас буынға ізгі тілектер айтылып, жобаның қоғам үшін маңыздылығы кеңінен сөз болды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев жастарды еңбек маусымының басталуымен құттықтап, «Жасыл ел» жобасының жас ұрпақтың еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
– «Жасыл ел» – бұл тек жастарды уақытша жұмыспен қамту жобасы емес, ол – еңбек мәдениетін қалыптастыратын, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды бастама. Сіздер осы жоба арқылы қоршаған ортаны абаттандыруға, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестеріңізді қосасыздар. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Н.Аруев.
Атырау облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының басшысы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, биыл Махамбет ауданында жобаға қатысуға ниет білдірген жастардың қатары көп болған. Жалпы 200-ге жуық жас өтініш беріп, оның ішінде 120 жас жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда еңбек маусымының алғашқы кезеңінде 46 жас жұмысқа кірісіп, белгіленген бағыттар бойынша еңбек етуде. Алдағы уақытта жастарды жұмыспен қамту жұмыстары шілде және тамыз айларында да жалғасын табады.
«Жасыл ел» жобасы жастарға тек еңбек тәжірибесін жинақтауға ғана емес, өз күш-жігері арқылы туған ауылын көркейтуге, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға мүмкіндік береді. Жазғы демалысын тиімді пайдаланып, еңбекке араласқан жастар болашақта да ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Салтанатты шара соңында аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кештің арнайы қонағы ALHAM өнер көрсетіп, жастарға ерекше әсер қалдырды.
Ш.АСЛАНҚЫЗЫ


