Жастар саябағы - ауылдың айнасы

АУЫЛДЫҢ КӨРКІ ОНЫҢ КӨШЕЛЕРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРЫНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ. АЛ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БОС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ӨТКІЗІП, БАЛАЛАРДЫҢ АЛАҢСЫЗ АСЫР САЛЫП ОЙНАУЫНА, ЖАСТАРДЫҢ СЕРУЕНДЕП, ҮЛКЕНДЕРДІҢ ТАЗА АУАДА ТЫНЫҒУЫНА АРНАЛҒАН ОРЫНДАРДЫҢ БІРІ – ЖАСТАР САЯБАҒЫ. БҰЛ – ТЕК ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ ҒАНА ЕМЕС, АУЫЛДЫҢ МӘДЕНИЕТІ МЕН ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ.


БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ КӨҢІЛГЕ ҚАЯУ САЛАДЫ 

Өкінішке қарай, соңғы уақытта Махамбет ауылындағы Жастар саябағының бүгінгі жай-күйі тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Бірнеше жылдан бері халықтың сүйікті демалыс орнына айналған саябақ бүгінде күтімнің жеткіліксіздігінен бұрынғы сән-салтанатынан айырылып бара жатқандай әсер қалдырады. 

Саябақтың әр тұсында арамшөп қаулап өсіп кеткен. Кейбір жерлерде шөптің биіктігі тізеден асып, тіпті белге дейін жетеді. Демалыс орны болғанымен, мұндай көрініс тұрғындарға жайсыздық туғызады. Әсіресе жаздың аптап ыстығында шөптің арасын маса мен шегіртке мекендеп, кешкі уақытта саябақта ұзақ жүру мүмкін болмай қалады. Жаз мезгілі – тұрғындардың саябаққа жиі келетін шағы. Күндіз балалар ойын алаңында ойнап, кешке қарай жастар мен үлкендер таза ауа жұтып, серуендеуді әдетке айналдырған. 

Бірақ соңғы кездері кешкі уақытта демалуға келген жұрттың алғашқы байқайтыны – қалың арамшөп пен масаның көптігі. Кешкі мезгілде саябақта бірнеше минут қана отырған адамның өзін маса талап кетеді. Балалар еркін ойнай алмайды, ата-аналар да оларды ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды. Демалуға келген тұрғындар уақыт өткізудің орнына, жәндіктерден қорғанумен әлек болады. 

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ? 

Махамбет ауылының тұрғыны Айгүл Қайырғалиева саябақтағы жағдайға алаңдайтынын жасырмады. 

– Балаларымды жиі саябаққа алып келемін. Бірақ қазір кешкі уақытта мұнда ұзақ жүру мүмкін емес. Маса өте көп. Шөптің арасынан шығатын түрлі жәндіктердің өзінен балалар қорқып жүреді. Осындай жақсы орынның күтімі болса екен дейміз. Шөпті уақытында ша¬, айналаны таза ұстаса, тұрғындар да еркін демалар еді, – дейді. 

Зейнеткер Сауле Қалисова да қоғамдық орындардың тазалығы әрдайым назарда болуы керек екенін айтады. 

– Бұрын кешкісін осында келіп серуендейтінбіз. Қазір бес-он минут отырсаң, масадан маза жоқ. Арамшөптің көбейіп кеткені бірден көзге түседі. Шөпті шауып, саябақты күтіп тұрса, жастар үшін де, үлкендер үшін де жайлы орын болар еді. Ауылдың ортасындағы саябақ осындай күйде болмауы керек. Бұл – ауылдың бет-бейнесі, – дейді қария. 

Әрине , тазалық сақтау – тұрғындардың да міндеті. Қоқысты кез келген жерге тастамау, қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарау – әр азаматтың мәдениеті. Алайда саябақтағы арамшөптерді шабу, көгалдарды күтіп-баптау, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу жауапты мекемелердің тұрақты назарында болуы тиіс. Өйткені арамшөптің көбеюі тек сыртқы келбетке ғана әсер етпейді. Ол түрлі жәндіктердің көбеюіне, санитарлық жағдайдың нашарлауына және тұрғындардың демалысына қолайсыздық туғызады. Мұндай мәселелер уақытында шешілмесе, саябақтың тартымдылығы төмендеп, халықтың қоғамдық орындарға деген қызығушылығы азаяды. 

ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕР НАЗАР АУДАРСА... 

Қазіргі таңда көптеген елді мекендер қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Себебі саябақ – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын маңызды әлеуметтік нысан. Мұнда балалар ойнайды, жастар спортпен шұғылданады, қарттар серуендейді, отбасылар бос уақытын бірге өткізеді. Махамбет ауылындағы Жастар саябағы да дәл осындай талаптарға сай болуы тиіс. Бұл жер – аудан тұрғындары ғана емес, алыстан келген қонақтар көретін орындардың бірі. Сондықтан оның таза, жасыл әрі күтімді болуы ауылдың абыройын арттыра түседі. 

Тұрғындардың өтініші күрделі мәселе емес. Олар саябақтағы арамшөптердің уақытылы шабылуын, зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуін және аумақтың тұрақты күтімге алынуын қалайды. Бұл жұмыстар жүйелі ұйымдастырылса, саябақ бұрынғыдай ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз. 
Тазалық – өркениетті қоғамның белгісі .

Ал Жастар саябағы – ауылдың ажарын айшықтайтын орын. Сондықтан оның бүгінгі жағдайына бейжай қарамай, уақытылы күтім жасап, тұрғындардың жайлы демалуына қолайлы жағдай жасау – ортақ міндет. Бүгінгі көтерілген мәселе тиісті мекемелердің назарынан тыс қалмай, жақын арада нақты шешімін табады деген сенімдеміз. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT