Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің тарихына қатысты тағы бір құнды жәдігер редакция музейінің қорын толықтырды. БАҚ саласының ардагері, журналист Марат Сабырғалиев 1981-1985 жылдары өзі пайдаланған баспа машинасын редакция музейіне табыстады.
Марат Сабырғалиев Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында дүниеге келген. Куйбышев полиграфия техникумын, Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін тәмамдаған. 1981 жылы ауданға ауа қысымымен автоматты түрде газет басатын жаңа техника әкелінгенде, сол құрылғыны алғаш меңгеріп, газет басу ісін жүзеге асырған мамандардың бірі болды. Кейін аудандық газетте радиохабарларды ұйымдастырушы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, аудандық мәслихаттың хатшысы болды.
– Бұл баспа машинасы мен үшін жай ғана құрал емес, тұтас бір еңбек жолымның куәсі. Осы құрылғымен талай газет нөмірі жарық көрді, талай түндер ұйқысыз өтті. Бүгін оны редакция музейіне тапсыру арқылы кейінгі буын газет шығару ісінің қалай жүргенін көрсе, тарихпен танысса деген ниетім бар, – дейді Марат Сабырғалиев.
Редакция музейіне тапсырылған бұл жәдігер – бір адамның ғана емес, аудандық баспасөз тарихының да құнды мұрасы. Уақыт өткен сайын мұндай дүниелердің тарихи маңызы арта түсетіні анық.
Қ.БАҒЫТ


