ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫНА БАРЫП, САЛҚЫНДАУДЫ ҚАЛАЙТЫН ТҰРҒЫНДАР АЗ ЕМЕС. АЛАЙДА МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА БҮГІНГІ КҮНІ СУҒА ТҮСУГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН АРНАЙЫ ЖАҒАЖАЙ ЖОҚ. АЛ БЕЛГІЛЕНБЕГЕН ОРЫНДАРДА СУҒА ТҮСУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН. СОҒАН ҚАРАМАСТАН, ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН АУДАН АУМАҒЫНДА ҚАУІПСІЗ ӘРІ ТАЛАПҚА САЙ ЖАҒАЖАЙ АШУ МӘСЕЛЕСІ БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ.
Ауыл тұрғыны Дәулеткерей Сатыбалдиевтің айтуынша, арнайы жағажайдың жоқтығы – көптен бері шешімін күткен мәселе.
– Жаз шыққан сайын балалар да, үлкендер де суға түскісі келеді. Бірақ арнайы орын болмағандықтан, адамдар өздері қауіпсіз деп санаған жерлерге барады. Бұл – үлкен тәуекел. Жағажай салу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Халыққа қауіпсіз демалатын арнайы орын қажет. Осы мәселе алдағы уақытта нақты қолға алынса екен, – дейді ол.
Ал Махамбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақтыбек Төлегеновтің айтуынша, қазіргі таңда тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Сондықтан Жайық өзенінде суға түсуге рұқсат беруге мүмкіндік жоқ.
– 2024 жылғы көктемгі су тасқынынан кейін Жайық өзенінің арнасы мен су асты бедері айтарлықтай өзгерді. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару жасағы сүңгуірлермен бірге суға түсуге қолайлы орындарды зерделеді. Алайда өзен жағасының тік жарға айналуы және су түбінің өзгеруі салдарынан қауіпсіз жағажай ретінде пайдалануға болатын аумақ анықталған жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жайық жағалауынан талапқа сай келетін орындарды қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Егер қауіпсіз аумақ анықталса, аудан әкімдігіне коммуналдық жағажай ашу жөнінде ұсыныс енгізілетін болады, – дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, су айдындарын жағажай ретінде пайдалану Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Коммуналдық жағажай жергілікті атқарушы органның қарамағындағы немесе шарт негізінде жеке не заңды тұлғаға берілген аумақта ғана ашылады және белгіленген барлық талапқа сай болуы тиіс.

Бақтыбек Төлегеновтің мәліметінше, ауданда коммуналдық жағажай ашу мәселесі жыл сайын арнайы комиссия отырыстарында қаралады. Алайда осы уақытқа дейін кәсіпкерлер тарапынан нақты ұсыныстар түспеген. Сонымен қатар 2024 жылғы су тасқынынан кейін өзен арнасының өзгеруі де бұл мәселенің шешімін күрделендіріп отыр.
Жағажай ашылған жағдайда онда су түбін алдын ала тексеру, құтқарушылардың кезекшілігі, медициналық көмек көрсету бекеті, қауіпсіздік белгілері, қоршаулар және өзге де қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Өкінішке қарай, аудан аумағында судағы қайғылы оқиғалар әлі де тіркеліп келеді. Мәліметке сәйкес, 2023 жылы 7 адам суға кеткен. Ал 2025 жылы 6 оқиға тіркеліп, салдарынан 7 адам, оның ішінде 3 бала мен 4 ересек адам көз жұмған. Мұндай қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – балалардың ата-анасының қарауынсыз қалуы, мас күйінде суға түсу және балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.
Қазіргі уақытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №11 өрт сөндіру бөлімі және полиция қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.

Қызметкерлер таңғы сағат 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін Жайық өзенінің жағасында кезекшілік атқарып, демалушылар мен балық аулаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар ауылдық округтердегі LED экрандарда су қауіпсіздігіне қатысты бейнероликтер көрсетіліп, білім беру ұйымдары арқылы ата-аналар чаттарына балаларды қараусыз су айдындарына жібермеу жөніндегі жадынамалар таратылуда.
Ал суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылған немесе кәмелетке толмаған балаларды қараусыз жіберген азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Жағажай мәселесі – тұрғындардың ғана емес, қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды тақырып. Арнайы жабдықталған, барлық талапқа сай демалыс орнының ашылуы бір жағынан халықтың сұранысын қанағаттандырса, екінші жағынан рұқсат етілмеген орындарда суға түсудің салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алуға сеп болары сөзсіз. Сондықтан тұрғындар көтеріп жүрген бұл мәселенің алдағы уақытта оң шешімін табарына көпшілік үміт артады.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ


