Заңның үстемдігі бәрінен маңызды

Конституция – кез келген мемлекеттің негізгі заңы, саяси және құқықтық жүйенің іргетасы. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік органдардың өкілеттігі, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастың негіздері айқындалады. Егер заң үстемдігі сақталмаса, әділеттілікке қол жеткізу қиын.

Жаңа Конституцияда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленген. Бұл – әлеуметтік мемлекет қағидатының айқын көрінісі. Жаттықтырушы ретінде күн сайын жасөспірімдермен жұмыс жасаймын. Ол үшін әр баланың денсаулығы, қауіпсіздігі, дамуға деген мүмкіндігі аса маңызды. Осы орайда Конституцияда адамның қадір-қасиетіне басымдық берілуі – болашақ үшін жасалған дұрыс шешім деп білемін. Әр спортшы жаттығу барысында нақты талаптарды орындап, ережеге бағынуы тиіс. Тәртіпсіздік пен жауапсыздық жеңіске жеткізбейтіні айдан анық. Сол сияқты қоғамда да әр азамат өз міндетін адал атқарғанда ғана даму болады. Конституция азаматтарға құқық берумен қатар, жауапкершілік жүктейді.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жас буынды қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Спорт инфрақұрылымының дамуы, секциялар мен үйірмелердің ашылуы, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік жасалуы осының айғағы. Ауылда немесе қалада туылғанына қарамастан, әр жас өз қабілетін жүзеге асыра алуы керек. Егер қоғамда заң бәріне бірдей қолданылса, әділеттілік орнайды. Спорттағы әділ төрелік секілді, мемлекетте де әділ сот жүйесі маңызды. Спортшылар жарыс кезінде өз елінің намысын қорғайды. Әр спортшының жеңісі – бүкіл халықтың қуанышы. Мемлекет те бірлік арқылы ғана алға жылжиды. Конституция – осы бірліктің құқықтық негізі.

А.Зейноллаев,

Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  жаттықтырушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT