ҰЯДА НЕ КӨРСЕ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕР...

ҚАЗІРГІ ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕ ҚОҒАМ ДАМЫП, ТЕХНОЛОГИЯЛАР КҮН САЙЫН ЖАҢАРЫП ЖАТҚАНЫМЕН АДАМЗАТ АЛ¬ДЫНДА ТҰРҒАН КЕЙБІР ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОҒАЛТПАЙ КЕЛЕДІ. СОНЫҢ БІРІ – ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ. БҰЛ – ТЕК ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ ҚОҒАМНЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРАТЫН КҮРДЕЛІ ҚҰБЫЛЫС. ӨЙТКЕНІ БҮГІНГІ ЖАСӨСПІРІМ – ЕРТЕҢГІ АЗАМАТ, ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ. АЛ СОЛ БОЛАШАҚТЫҢ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫ БҮГІНГІ ТӘРБИЕ МЕН БАҚЫЛАУҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ.

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ҚЫЛМЫСҚА НЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ? 

Жасөспірімдік кезең – адамның өміріндегі ең күрделі, ең жауапты шақтардың бірі . Бұл уақытта тұлға қалыптасады, мінез-құлық орнығады, өмірлік ұстанымдар бекітіледі. Дегенмен дәл осы кезеңде жасөспірім психологиялық тұрғыдан тұрақсыз болады. Ол өзін дәлелдеуге тырысады, еркіндікке ұмтылады, кейде қоғам нормаларына қарсы шығуды «ерлік» деп қабылдайды. Осындай ерекшеліктер ескерілмеген жағдайда жасөспірімнің теріс жолға түсу қаупі артады. 

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептеріне тоқталсақ, ең алдымен отбасы факторы алға шығады. Отбасы – баланың алғашқы тәрбие ошағы. Егер ата-ана балаға жеткілікті көңіл бөлмесе, оның мінез-құлқы бақылаусыз қалып, сыртқы ортаға тәуелді болады. Қазіргі таңда көп ата-аналар жұмысбастылықты алға тартып, баласына уақыт бөле алмайды. Кейбір отбасыларда тұрмыстық қиындықтар, жанжал¬дар, ажырасу сияқты жағдайлар орын алады. Мұндай ортада өскен бала психологиялық тұрғыдан әлсіз болып, теріс ықпалдарға тез беріледі. 

Екінші маңызды себеп – әлеуметтік орта. Жасөспірім өз қатарластарына еліктегіш келеді. Егер оның айналасындағы достары заңға қайшы әрекеттерге бейім болса, ол да сол бағытқа бұрылуы мүмкін. Әсіресе 15-17 жас аралығында бұл құбылыс айқын байқалады. Бұл кезеңде жасөспірім үшін достарының пікірі ата-ананың сөзінен де маңызды болуы мүмкін. 

Үшінші фактор – білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысының жеткіліксіздігі. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын орта болуы тиіс. Алайда кейбір жағдайда тәрбие жұмыстары формалды сипат алып, оқушылардың ішкі әлеміне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Мұғалім мен оқушы арасындағы сенімді қарым-қатынас болмаған жағдайда жасөспірім өз мәселесін жасырып, сырттан «шығу жолын» іздейді. Төртінші себеп – құқықтық сауатсыздық. Кей жасөспірімдер өз әрекеттерінің заң алдындағы сал¬дарын білмейді. Олар үшін кейбір әрекеттер «жай ғана әзіл» немесе «достармен ермек» болып көрінеді. Бірақ заң алдында мұндай әрекеттер құқық бұзушылық болып есептеледі.

ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ МЕХАНИЗМІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ 

Махамбет аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік по¬лиция инспекторы, полиция майоры Нұрқуат Орақовтың айтуынша, құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер үшін көп жағдайда олардың заңды өкілдері жауапты болады. 
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жауапкершілік 14 жастан басталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 16 жастан бастап қолданылады. Бұл – жасөспірімдердің ерте жастан заң алдындағы жауапкершілікті түсінуі қажет екенін көрсетеді. Егер мектеп оқушысы құқық бұзушылық жасаса, алдымен ол мектепішілік ішкі есепке алынады. Бұл кезеңде оқушымен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ата-ана¬сымен байланыс орнатылады. Егер ол талаптарға бағынбаса, іс құжаттары жинақталып , кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданады. Одан кейін полиция бөлімінің есебіне қойылады. Есепке алынғаннан кейін жасөспірім ай сайын тұрғылықты мекенжайынан тексеріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Егер бір жыл ішінде ешқандай құқық бұзушылық тіркелмесе, есептен шығарылады. Бұл жүйе – жазалау емес, қайта тәрбиелеу механизмі,- дейді ол. 

Ал Махамбет аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі участкелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Абдолла Сәлімовтің айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. 

– Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүруі. Бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық ту-ралы кодексінің 442- бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы – олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді,-дейді А.Сәлімов. 

Статистика көрсеткендей, құқықбұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта жасалады. Бұл – жасөспірімдердің бақылаусыз қалуының нәтижесі. Сондықтан ата- аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды. 

ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ – ҚЫЛМЫСТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ 

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жаңа түрлері пайда болды. Соның бірі – интернет-алаяқтық. Қазіргі жасөспірімдер технологияны жақсы меңгергенімен, оны теріс мақсатта қолдану фактілері жиілеп келеді. Жалған аккаунт ашу, басқа адамның атынан ақша сұрау, онлайн саудада алдау – осының барлығы құқық бұзушылық. Сонымен қатар жасөспірімдер алаяқтардың құрбанына да жиі айналуда. Олар интернеттегі күмәнді сілтемелерге сеніп, жеке мәліметтерін беріп қояды немесе жалған ұтыстарға алданып, ақша жоғалтады. 

Тағы бір қауіпті үрдіс – құмар ойындарға тәуелділік. Онлайн бәс тігу платформалары мен ойын қосымшалары жасөспірімдер арасында кең таралуда. Кейбір дерек¬тер бойынша, жасөспірімдердің 10- 15 пайызы құмар ойын элементтері бар ойындарға қатысады. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. 

– Құмар ойындарға тәуелділік жасөспірімнің психологиясына кері әсер етеді. Ол жеңіл ақша табуға үйреніп, еңбекке деген қызығушылығын жоғалтады. Ұтылған жағдайда күйзеліске түсіп, агрессия танытады. Кей жағдайда ақша табу үшін құқық бұзушылыққа барады. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көбіне ұсақ әрекеттерден басталады. Сабақтан қашу, тәртіп бұзу, ұсақ бұзақылық сияқты әрекеттер уақыт өте келе күрделі қылмыстарға ұласуы мүмкін. Сондықтан әрбір белгіге дер кезінде назар аудару қажет,- дейді полиция майоры Нұрқуат Орақов. 

Бұл мәселеде ата-ананың рөлі ерекше екені жасырын емес. Баланың бос уақытын бақылау, оның кіммен араласатынын білу, интернеттегі белсенділігін қадағалау – ата-ананың басты міндеті. Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауға, тәрбиесіне көңіл бөлуге және ұялы телефондарын тексеріп отыруға кеңес береді. 

– Сонымен қатар мектептің де жауапкершілігі зор. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, психологиялық қолдау көрсету, тәрбие жұмыстарын күшейту – құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолдары. Қоғам да бұл мәселеден шет қалмауы тиіс. Жастарға дұрыс бағыт көрсететін орта қалыптастыру – баршамыздың міндетіміз. Спорт, өнер, еріктілік қызмет – жасөспірімдерді теріс жолдан сақтайтын маңызды құралдар , - дейді Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Абдолла Сәлімов. 

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық – көпқырлы, күрделі мәселе. Оны шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Ең бастысы – жасөспірімді жазалау емес, оны түсіну, қолдау және дұрыс бағыт беру. Себебі бүгінгі жасөспірім – ертеңгі қоғам. Ал қоғамның болашағы бүгінгі тәрбиеден басталады. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT