Волейболшы қыздар топ жарды

Жуырда Ақтау қаласында өткен «MANGILIK EL CUP – 2026» республикалық турнирінде Махамбет балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, 2015-2016 жылы туған қыздар волейбол командасы үздік ойын үлгісін көрсетіп, жүлдегер атанды.

Аталған спорттық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 20-ға жуық волейбол командалары қатысып, өзара бақ сынасты. 
Жасөспірімдерді ерте жастан спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, бұқаралық спортты дамыту және өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайту мақсатында өткен турнир үш күнге созылды. 

Махамбет балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, волейбол бөлімінің жаттықтырушысы Даурен Аменовтің айтуынша, жарыс барысында әр команда өздерінің шеберліктері мен спорттық дайындығын көрсете білді. Командалық ойын мен табандылықтың нәтижесінде махамбеттік қыздар волейбол командасы оқ бойы озық шығып, І орын жүлдегері атанды. Жарыс барысында ерекше көзге түкен команда ойыншысы Әмина Өмірбек «Үздік байланыстырушы» аталымымен марапатталды. 

Осы орайда жасөспірімдеріміздің өзара тәжірибе алмасып, жаңа белесті бағындыруына мүмкіндік берген осынау спорттық додаға қатысуға бірауыздан қолдау көрсеткен ата-аналарға ерекше алғыс білдіремін, - дейді жаттықтырушы Д.Аменов.

Республикалық турнирде топ жарған волейболшы қыздарымызды кезекті жүлдесімен құттықтап, жеңісті күндерің көп болсын деп тілейміз! 

Б.МӘЛІКҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT