ВАКЦИНАЦИЯ – ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Жұқпалы аурулардың алдын алуда вакцинацияның маңызы зор. Иммундау арқылы адам ағзасында белгілі бір инфекцияға қарсы қорғаныс қалыптасып, аурудың таралу қаупі төмендейді. Қазақстанда профилактикалық екпелер Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда вакцинация немесе профилактикалық препараттарды енгізу 21 жұқпалы ауруға қарсы жүргізіледі. Міндетті профилактикалық екпелердің мерзімі мен инфекция түрлері Ұлттық егу күнтізбесінде белгіленген.

Екпе қашан басталады?
Баланың алғашқы екпелері өмірге келген сәттен бастап жүргізіледі. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, алғашқы вакцинациялар перзентханада жасалады.
Өмірінің 1–4 күнінде балаға туберкулезге қарсы БЦЖ және В гепатитіне қарсы вакцина салынады.
2 айында гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, В типті гемофильді инфекцияға және пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация жүргізіледі.
Одан кейін де бала жасына қарай белгіленген мерзімдерде жоспарлы екпелерін алады. Ұлттық күнтізбеде 2 ай, 3 ай, 4 ай, 12–15 ай, 18 ай, 2 жас, 2,5 жас, 6 жас, 11 жас, 11,5 жас және 16 жас сияқты кезеңдер қарастырылған.
6 жаста, яғни 1-сыныпта, қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинация және АбКДС егу жүргізіледі.
11 және 11,5 жаста адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация жасалады.
16 жаста дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация жүргізіліп, кейін бұл екпе әр 10 жыл сайын қайталанады.

Вакцинация алдында дәрігер тексеруі міндетті
Кез келген профилактикалық екпе медициналық тексеруден кейін жасалады. Дәрігер адамның жалпы денсаулық жағдайын бағалап, медициналық қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды.Егер бұрын вакцина алғаннан кейін жағымсыз реакция болған болса, созылмалы аурулары немесе басқа да денсаулық ерекшеліктері бар болса, бұл туралы медицина қызметкеріне міндетті түрде айту қажет.Екпе алдында ата-анаға немесе азаматқа вакцинацияға қатысты қажетті ақпарат беріледі. Балаларды вакцинациялау кезінде ата-ананың ақпараттандырылған келісімі рәсімделеді.

Екпеден кейін 30 минут бақылауда болады
Вакцинациядан кейін бірден үйге қайтпай, медициналық ұйымның ішінде 30 минут бойы медицина қызметкерінің бақылауында болу қажет. Бұл екпеден кейін сирек кездесетін жедел реакциялар орын алған жағдайда дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін маңызды.
Сонымен қатар медицина қызметкерлері вакцинадан кейінгі кезеңде баланың жағдайын бақылауды жалғастырады.
Тұмаудан қорғану – маусымдық вакцинациядан басталады. Күз-қыс мезгілінде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қаупі жоғарылайды. Тұмаудың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі – вакцинация.
Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация жыл сайын эпидемиялық маусым алдында жүргізіледі. Санитариялық қағидаларға сәйкес, белгіленген контингенттерге тұмауға қарсы вакцинация жыл сайын жүргізіледі.

Ал 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға қатысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы №11 қаулысы қабылданды. Құжатта тұмау, ЖРВИ және COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алуға бағытталған санитариялық-профилактикалық іс-шаралар белгіленген.

Ұлттық егу күнтізбесін сақтау маңызды
Вакцинацияның негізгі мақсаты – жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың ауыр өту қаупін төмендету және халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру.
Сондықтан ата-аналар балаларының егу паспортын сақтап, екпе күнтізбесіндегі мерзімдерді бақылағаны жөн. Егер қандай да бір себеппен жоспарлы екпе уақытында алынбаса, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, дәрігермен бірге кейінге қалған вакцинацияны жоспарлау қажет.
Вакцинация – аурудың алдын алуға бағытталған маңызды медициналық шара. Әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелерді белгіленген мерзімде алуға мән бергені дұрыс.

Махамбет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT