Үй ішіндегі тыныштық – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Отбасы – адам өзін қауіпсіз сезінуге тиіс ең жақын ортасы. Алайда тұрмыстық жанжал, психологиялық қысым, күш көрсету секілді жағдайлар кейде жабық есік артында қалып, дер кезінде назарға ілінбей жатады. Мұндай мәселелерді тек отбасының ішкі шаруасы деп қабылдау дұрыс емес. Өйткені зорлық-зомбылықтың салдары бір адамның ғана емес, тұтас отбасының өміріне әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету – құқық қорғау органдары мен әлеуметтік мекемелердің маңызды міндеті.

Махамбет ауданында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аудандық полиция қызметкерлері Отбасын қолдау орталығы мамандарымен бірлесіп, тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, отбасылардағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Мұндай кездесулердің маңызы – мәселені жанжал ушығып кеткеннен кейін емес, алғашқы белгілері байқалған кезде анықтауға мүмкіндік беруінде. Қажет жағдайда азаматтарға тиісті мамандардың көмегі мен құқықтық түсіндіру жұмыстары ұсынылады.

Отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұму – мәселені шешу емес. Керісінше, уақытында көмекке жүгіну адамның құқығын қорғап, ауыр жағдайлардың алдын алуға жол ашады.

Қоғамдағы тәртіп әр үйдегі қауіпсіздіктен басталады. Ал қауіпсіз отбасы қалыптастыру – баршаға ортақ міндет.

 

Г.СӘДУАҚАСОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT