УАҚЫТТЫҢ ҮНСІЗ ШЕЖІРЕСІ

Кеше Махамбет тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен музей қорындағы тарихи суреттерден жасақталған «Суреттер сөйлейді» атты фотокөрменің ашылу рәсімі өтті.

Аудан өмірінің әр кезеңінен сыр шерткен, тарихи тағылымға толы шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев пен мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ж.Дүйсембаев жүрекжарды лебіздерін білдіріп, фотокөрменің салтанатты түрде лентасын қиды. 

Өткеннің өнегесін дәріптеп, тарихи фотосуреттер арқылы туған өлкеміздің шежіресіне тағы бір мәрте көз жүгіртуге мүмкіндік берген көрмедегі барлық құнды жәдігерлермен Махамбет тарихи өлкетану музейінің экскурсоводы Қарлығаш Есқабылова таныстырып өтті. 

Кезінде ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосып, ел ырысын еселеп, жердің құтын арттырған ауыл шаруашылығы саласы мамандарының түрлі жағдайдағы суреттері олардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігін көз алдымызға әкелді. 

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ел руханиятының дамуы жолында аянбай еңбек еткен әр кезеңдегі мәдениет ошақтары, өнер ұжымдары мен өнерпаздардың сырға толы сан түрлі суреттері де көрмеде орын алған. 

Сондай ақ аудандық кітапхананың өткен күндері, оның дамуы мен оқырмандарға қызмет көрсету жолындағы маңызды кезеңдерін еске түсіретін фотосуреттерімен танысуға мүмкіндік алдық. 

Жас ұрпақты білім мен тәрбиеге баулып, халықтың денсаулығын сақтау жолында ұзақ жыл еңбек еткен ауданның дәрігерлері мен ұстаздар қауымының суреттері де назарға ұсынылып отыр. 

Аудан өмірінің әр кезеңдерінде партия, кеңес және жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызмет атқарған, өңірдің дамуына, елдің береке-бірлігінің нығаюына үлес қосқан тұлғалардың фотосуреттерін тамашалауға болады. 

Бүгінде 85 жылдық тарихы қалыптасқан ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі барлық жаңалықтарды, өзгерістер мен жетістіктерін оқырмандарына дер кезінде жеткізіп келе жатқан жергілікті басылым «Жайық шұғыласы» газеті ұжымының естелікке толы суреттері назарымызды аударды. 

Ел жадында қалған маңызды оқиға 1983 жылы Махамбет Өтемісұлының сүйегі ғылыми зерттеуден кейін туған жеріне әкелініп, қайта жерлеу рәсімі өткізілді. Бұл маңызды шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет- өнер майталмандары, аудан тұрғындары қатысты. Сол рәсімде фотоаппаратқа ілінген сәтті кадрларды өз көзіңізбен көріп қайтуға болады. 

Көрменің ашылу салтанатын қорытындылаған Махамбет тарихи- өлкетану музейінің басшысы Айдана Мурсалиова барлық қолдау білдіріп келген қонақтар мен қатысушыларға шын жүректен алғысын айтып, ақ дастарханнан дәм ұсынды. 

Айта кетейік, сәрсенбі күні өз жұмысын бастаған «Суреттер сөйлейді» фотокөрмесі он бес күн бойы жалғасады. Ендеше, барша аудан тұрғындарын уақыттың үнсіз шежіресіне айналған, өлке тарихымен сырласуға мүмкіндік беретін фотокөрмеден қапы қалмай, тамашалауға шақырамыз. 


Б.САПАРОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT