Махамбет ауданындағы елді мекендерде жалпыұлттық экологиялық акция аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Акция барысында ауыл аумақтарын тазарту, қоғамдық орындарды ретке келтіру және санитариялық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылды.
Жалғансай ауылдық округінде қоғамдық орындар тазартылып, елді мекен аумағы қоқыстан арылды. Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Қарасай Нұртас Бағытбекұлы тазалықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
– Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ міндет. Ауылдың көркеюі тек атқарушы мекемелердің жұмысына емес, тұрғындардың да жауапкершілігіне байланысты. Әр азамат өз ауласына, көшесіне және қоғамдық орындарға ұқыпты қараса, тазалықтың тұрақты сақталуына үлес қосады, – деді ол.
Экологиялық акция ауданның өзге ауылдық округтерінде де жалғасты. Алға ауылында тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен белсенді азаматтар елді мекен аумағын тазартуға атсалысты. Таңдай ауылында Бақсай ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері көкбелдеу аумағын қоқыстан тазалады.
Сарайшық ауылдық округінде тұрғындар, мекеме қызметкерлері, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері бекітілген аумақтарда тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Есболда мекеме қызметкерлері ғимараттар маңын ретке келтіріп, қоқыстарды жинады.
Ал Ақжайық ауылдық округіндегі сенбілікке мектеп, спорт мектебі, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйлері, ақылы қоғамдық жұмысшылар және «Таза Махамбет» мекемесінің қызметкерлерін қоса алғанда 35 адам қатысты. Олар орталық көшелердегі қураған шөптерді жинап, мекеме аумақтарын тазалап, елді мекеннің санитариялық жағдайын жақсартуға үлес қосты.
Осындай ортақ жұмыстар туған жерге деген жанашырлықты арттырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне оң ықпал етеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ




