ТАБИҒАТТЫ АЯЛАУ, ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІ ДӘРІПТЕУ, САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕП, САПАЛЫ ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫ КӨЗДЕЙТІН «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ БҮКІЛ ЕЛ АУМАҒЫНДА КЕҢ СЕРПІН АЛЫП, ОҒАН ҮЛЕС ҚОСУШЫЛАР САНЫ ДА КҮН САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ.
Тазалық мәселесін әркез басты назарда ұстаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» - деген болатын.
Ауқымды акция аясында ауданымызда да тазалық жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Әр сенбі сайын көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, оған арнайы техникалар жұмылдырылуда. Өткен аптада аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті сенбілік шарасын өткізді.
Сенбілік барысында полиция қызметкерлері бөлім аумағы мен оған іргелес жерлерді қоқыстан тазартып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ағаштардың түбі ретке келтіріліп, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстар атқарылды.
Тазалық пен абаттандыру кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, мәдениетіміздің өлшемі екені баршамызға белгілі. Көшеміздің, үйіміздің, ауламыздың тазалығы – тұтастай ауданның тазалығы. Туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның тазалығына атсалысу – әр азаматтың борышы. Осындай эконауқандар қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттырып, ауылымыздың көркеюіне септігін тигізеді, - деген аудандық полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі полиция майоры Асылбек Бұрханұлы барша аудан тұрғындарыын әрқашан тазалық жұмыстарына ұйытқы болып және акцияға ұйымшылдықпен атсалысуға шақырды.
Полиция бөлімінде өткен сенбілікке бөлімнің жеке құрамы белсенді қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
Тазалықты сақтау – ортақ жауапкершілік. Сондықтан экологиялық бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ


