АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ ӨМІРІ ТӨРТ ТҮЛІКПЕН ТІКЕ- ЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. ОЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ АТҚАРАР ШАРУАСЫ ОРТАҚ. ҚОЛДА БАР МАЛЫН БАҒЫП, ӨСІРІП, ОДАН АЛЫНАТЫН ӨНІМДЕРДІ ПАЙДАСЫНА ЖАРАТУ, ТАҢНЫҢ АТЫСЫ ӨРІСКЕ ШЫҒАРЫП САЛЫП, КЕШ ҚАРАЯ ҚАЙТҚАН ТӨРТ ТҮЛІГІНІҢ БАС-АЯҒЫН ТҮГЕНДЕП ОТЫРУ. ОСЫЛАЙ КҮН САЙЫНҒЫ ЖАЛҒАСАТЫН ҚЫЗУ ТІРЛІКТІҢ ӘРҚАШАН БЕЛ ОРТАСЫНАН ТАБЫЛЫП, МАЛ БАСЫН ТІРКЕУ, ТҮРЛІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ҚАЖЕТТІ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН ТҰРАТЫН МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ ҚАШАНДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ. ОСЫ ОРАЙДА ӘЙЕЛ ЗАТЫНА ТӘН НӘЗІК БОЛМАСЫНА ҚАРАМАЙ, ЖОҒАРЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ТЕМІРДЕЙ ТӨЗІМДІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚЫЗМЕТІН 26 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН САРАЙШЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ – БИБІГҮЛ СҰЛТАНОВА ҚУАНЫШҚЫЗЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ ДЕЙМІЗ.
Ол 1977 жылғы 7 желтоқсанда Атырау қаласына қарасты Балықшы кентінің Дамбы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қуаныш Сұлтанов ұзақ жылдар бойы Атырау балық шаруашылығы мекемесінде кеме капитаны болып еңбек етсе, анасы Жұмазия Қисықбасова «лимонад» өндіру мекемесінде абыройлы қызмет атқарған. Ата- анасының еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Бибігүл Қуанышқызы жастайынан білім мен еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырды.
1994 жылы Атырау аграрлық колледжінің зооветеринария бөліміне оқуға түсіп, 1997 жылы ветеринар мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кәсіби білімін жетілдіру мақсатында 2012–2014 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық- техникалық университетінің вете¬ринария факультетінде білім алып, жоғары білім иесі атанды.
– «Адам баласы өмірде екі нәрсеге таңдау жасағанда қателеспеуі керек, оның бірі – мамандық, екіншісі – өмірлік серігін таңдауда» демей ме? Мен өзімді екеуінен де жолы болған адаммын деп есептеймін. Мектеп қабырғасында мал дәрігері боламын деген арманның жетегінде жүріп, кейін сол жолда білім алып, бүгінде еңбек етіп келемін.
Табиғатыма сай келетін сүйікті ісім ретінде көргендіктен, өзімді басқа салада елесте де алмаймын. Марқұм әкем көзі тірісінде мал дәрігерлікті таңдағанымды естігенде: «осы мамандықты таңдаған екенсің, қиындығына қарамай өмір бойы осы салада еңбек етуге дайын бол!» деген сөзі жадымда сақталып қалды. Міне, 26 жылдан бері бұл қызметімнен қол үзбей келемін, - дейді Бибігүл Қуанышқызы.
Еңбек жолын Балықшы аудандық ветеринариялық станциясында санитарлық ветеринар қызметінен бастаған ол 1997–2001 жылдары ветеринарлық фельдшер, 2002–2010 жылдар аралығында Сарайшық ауылында ветеринар дәрігер қызметін атқарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосты. 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Сарайшық ауылдық ветерениярлық бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде өзін білікті маман, іскер ұйымдастырушы және жауапты басшы ретінде таныта білді. Мал шаруашылығын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету бағытында аянбай еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда аудан бойынша Бибігүл Қуанышқызы секілді 25 ветеринар маман жұмыс істейді. Кәсіби мамандардың тапшылығын болдырмау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетілуде. Соңғы жылдары саланың материалдық- техникалық базасы да айтарлықтай жақсарып, ветеринариялық пунктер салынып, қызметтік көліктермен қамтылып, мамандарға қажетті құрал-жабдықтар дер кезінде беріліп отыр. Өткен жылы ауданға қарасты Алға, Ақтоғай және Сарайшық ауылдарынан ветеринарлық бөлімшелердің құрылыс жұмыстары басталып, биыл пайдалануға берілген болатын. Оған қоса 5 ауылдық округте дәл осындай бөлімше салу жоспарланып отыр. Бибігүл Қуанышқызы меңгерушілік етіп отырған ветбөлімше заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтарымен толықтай қамтылған.
– Ауылдық округке қарасты мал ұстайтын 157 үй мен 20 қожалық иесі бар. Біздің күнделікті жұмыс уақытымыз әдеттегідей осы ауылдың немесе округке қарасты шаруа қожалықтарындағы төрт түліктерінің ортасында басталатындықтан, бөлімшеге түс ауа бір-ақ келеміз. Жанымда көмекшім жас маман, ветфельдшер Нұрасыл Нұрболатұлы бар. Төрт түліктерді бірдейлендіру базасына күнделікті тіркеп, тұрғындарға қажетті анықтамалар беріп, жоспар бойынша алынған қан талдауларын аудан орталығындағы зертханаға жеткізумен уақытымыз өтеді. Оған қоса түрлі жағдайлармен малды емдеуге тұрғындардан шақыртулар түсіп тұрады. Бізге ауыл шаруашылығы жануарла¬рын тіркеуге, есепке алуға, ветеринариялық паспорт алуға және малды сатып алу-сатуға арналған «Тort Tulik» мобильді қосымшасын енгізу міндеті жүктелген болатын. Аталмыш бағдарламаны пайдалану деңгейі бойынша ауылдық округ 97-98 пайызды көрсетіп отырмыз, - дейді ол.
Әр үйдегі мал басының түр- түсін жатқа білетін, қандай да бір дерт дендей қалса, күн-түн демей, ем-домын көрсетуге дайын тұратын төрт түліктің тамыршы¬сына айналған білікті маманның осы қасиеттерін ауылдастары жоғары бағалайды әрі ерекше құрметтейді.
Бибігүл Қуанышқызы өз кәсібінің шебері ғана емес, өнегелі отбасының ұйытқысы. Жолдасы Болат Темірханұлы ауылдық округ маңындағы жануарлар өлекселерінің қорымында күзетші болып, жұмыс жасайды. Отбасында екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген олар бүгінде ұлын ұяға қондырып келін түсіріп, екі немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отыр.
Кейіпкеріміз ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен ветеринария саласының дамуына қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» медалін кеудесіне тағып, әр жылдары облыстық мәслихаттың, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған Сұлтанова Бибігүл Қуанышқызының өмір жолынан адал еңбек пен табандылықты, кәсібіне деген сүйіспеншілік пен туған елге қызмет етудің жарқын үлгісін анық көруге болады. Оның ел игілігі жолындағы еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Б.САПАРОВА


