ЖАЗ МЕЗГІЛІ – ТАБИҒАТТЫҢ ТҮРЛЕНІП, ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ КӨТЕРІЛЕТІН ШУАҚТЫ КЕЗЕҢІ. АЛАЙДА КҮН ЖЫЛЫП, АУА РАЙЫ ТҰРАҚТАЛҒАН САЙЫН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МАЗАСЫН АЛАТЫН БІР МӘСЕЛЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛЕДІ. ОЛ – МАСА МЕН БЫТЫҚАНА СЕКІЛДІ ҰСАҚ ЖӘНДІКТЕРДІҢ КӨБЕЮІ. АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЖАЗДЫҢ ЖАЙМАШУАҚ КҮНДЕРІ КЕЙДЕ КЕШКІЛІК УАҚЫТТА СЫРТТА ЕРКІН ОТЫРУҒА МҮМКІНДІК БЕРМЕЙДІ. ӘСІРЕСЕ, СУ МАҢЫНДАҒЫ, КӨГАЛДЫ АУМАҚТАРДА МАСА МЕН БЫТЫҚАНА КӨБЕЙІП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТҰРМЫСЫНА ҚОЛАЙСЫЗДЫҚ ТУДЫРАДЫ.
Бұл мәселе жыл сайын жаз маусымы басталғанда қайта айтылып, ауыл халқының назарынан тыс қалмай келеді. Кішкентай ғана жәндік болғанымен оның келтіретін қолайсыздығы аз емес. Балалардың таза ауада ойнауына, үлкендердің аулада демалуына кедергі келтіріп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне әсер етеді. Сондықтан жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу – ауылдық жерлердегі маңызды мәселелердің бірі. Алайда Махамбет ауылындағы жағдайға қатысты тұрғындар арасында әртүрлі пікір бар. Кейбір тұрғындар жаз айларында маса мен бытықана көбейетінін айтып, алдын алу шараларын жүргізу қажеттігін көтеруде. Ауыл тұрғыны Сәуле Қалисова бұл мәселе тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.
– Жаз басталса, кешкі уақытта аулада отыру қиындайды . Әсіресе, балаларға қиын. Маса мен бытықананың көбейгенін байқаймыз . Әрин , табиғи құбылыс екенін түсінеміз, бірақ тұрғындардың жайлылығы үшін алдын ала шаралар жасалса деген ұсынысымыз бар. Ауыл таза, көркейіп келе жатыр. Осындай ұсақ мәселелер де назардан тыс қалмаса екен,- дейді ол.
Тұрғындардың көтеріп отырған мәселесіне байланысты Махамбет ауылдық округінің әкімі Бақытбек Мұхамбетқалиев түсініктеме берді. Әкімнің айтуынша, ауыл аумағында тұрақты түрде масаға қарсы улау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі болмаған және бұл бағытқа арнайы қаражат қарастырылмаған.
– Бізде масаның шоғыры көп болмайды. Ал бытықана уақытша болатын жағдай. Осыған байланысты арнайы улау жұмыстары жүргізілмеді. Мұндай мақсатқа бюд¬жеттен қаражат қарастырылмаған, – деді ауыл әкімі.
Мамандардың айтуынша , жәндіктердің көбеюі көбіне табиғи жағдайларға байланысты. Ауа райының ылғал болуы, су жина¬латын аумақтардың пайда болуы ұсақ жәндіктердің көбеюіне әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені шешуде тек арнайы қызметтердің жұмысы ғана емес, тұрғындардың да тазалыққа жауапкершілігі маңызды. Аула маңын таза ұстау, қоқысты уақытылы шығару, су жиналатын орындарға жол бермеу – жәндіктердің көбеюін азайтатын қарапайым шаралардың бірі. Дегенмен, тұрғындардың өтінішімен ауылдағы санитарлық жағдайды ескере отырып, алдағы уақытта мұндай мәселелерге алдын ала назар аудару қажеттілігі байқалады. Себебі ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі тек үлкен жобалармен ғана емес, күнделікті тұрмыстағы осындай шағын мәселелердің шешілуімен де өлшенеді. Жаз мезгілі – демалыс пен серуеннің уақыты. Ал таза әрі қолайлы орта қалыптастыру – ортақ міндет. Тұрғындар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы байла¬ныс нығайып, көтерілген мәселелер уақытылы шешімін тапса, ауылдағы өмір сапасы да арта түсері анық.
Ш.АСЛАНҚЫЗЫ


