СҮЙЕКТЕН ОЙМЫШТАЛҒАН СӘНДІК ЕР
Музей қорындағы бұл сүйектен оймышталған сәндік ердің басты ерекшелігі – оның бойында бірде- бір темір шеге жоқ. Ерді жасаған шебер ағаш бөлшектерін біріктіру үшін темірдің орнына сүйектен арнайы шегелер дайындап пайдаланған. Бұл – қазақ қолөнершілерінің асқан шеберлігі мен тапқырлығының айқын дәлелі. Әрбір бөлшегі ұқыптылықпен жасалып, сүйек бетіне ұлттық ою- өрнектер түсірілген.
Сүйек өңдеу өнері үлкен төзімділік пен дәлдікті қажет етеді. Сүйекті қайнатып, кептіріп, өңдеп, өрнектеу – көп уақыт пен еңбекті талап ететін жұмыс. Сондықтан мұндай бұйымдар әрдайым жоғары бағаланып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып сақталған.
Бұл құнды жәдігерді музей қорына Имашева Қабида тапсырған. Бүгінде сүйектелген ер халқымыздың дәстүрлі қолөнерінің биік деңгейін көрсететін, ата-бабаларымыздың эстетикалық талғамы мен шеберлігін паш ететін тарихи мұра ретінде сақтаулы.

МҮЙІЗДЕН ТАРАҚ ЖАСАЙТЫН ҚҰРАЛ
Қазақ халқы тұрмыста табиғи материалдарды шебер пайдаланып, малдың мүйізі мен сүйегінен түрлі бұйымдар жасаған. Соның ішінде тарақ ерекше орын алған. Ол тек күнделікті тұрмыстық зат қана емес, тазалық пен ұқыптылықтың белгісі саналған.
Тарақ жасау – үлкен шеберлікті қажет ететін күрделі жұмыс. Шеберлер тарақты сиыр мүйізінің түп жақ кесіндісінен дайындаған. Ал¬дымен арнайы жасалған өткір темір пышақпен мүйіздің бауырын жара тіліп, оны қыздырып түзеткен. Кейін қысқашпен қысып суытып, тегістеген соң тарақтың кескінін түсірген. Әбден өңделген мүйіз қайтадан қысқашпен бекітіліп, жұқа қол араның көмегімен бір жағынан «еркек тістер» деп аталатын ірі тістер, екінші жағынан «ұрғашы тістер» деп аталатын жіңішке тістер мұқият тілінген. Осындай ұқыпты еңбектің нәтижесінде күнделікті тұрмысқа қажетті әрі ұзақ уақыт пайдаланылатын сапалы тарақ дүниеге келген.
Ал сіз көріп тұрған жәдігер – осы тарақтарды жасау барысында қолданылған еңбек құралы. Ол халқымыздың дәстүрлі қолөнерінің дамығанын, табиғи материалды тиімді пайдалана білгенін және шеберлердің кәсіби тәжірибесін айқын көрсетеді.
Бұл құнды жәдігер 1978 жылы музей қорына қабылданып, қорға Аманғалиев Сүндетқали тапсырған. Бүгінде ол – халқымыздың қолөнер тарихынан сыр шертетін, ұлттық мұрамыздың құндылығын дәріптейтін бағалы жәдігерлердің бірі.
БІЛЕЗІК – БИІК ТАЛҒАМНЫҢ БЕЛГІСІ
Алғаш қарағанда көздің жауын алатын бұл білезік – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жасалған зергерлік бұйым. Жалпақ етіп соғылған білезіктің бетіне алтын жалату әдісі қолданылып, айшықты ұсақ бедерлі өрнектермен көмкерілген. Ортасындағы сопақша қондырмалар мен қазақы нақыштағы геометриялық оюлар зергердің талғамы мен шеберлігін айқын аңғартады.
Білезіктің төменгі бөлігіне нәзік шынжырлар арқылы жалғанған салпыншақтар оның сәнін одан әрі арттыра түскен. Жапырақ тәрізді, тамшы пішінді және тұмаршаға ұқсас әшекейлер әр қимыл сайын сыңғырлап, иесінің ажарын аша түскені сөзсіз. Қазақ қыз-келіншектері үшін мұндай бұйым тек әсемдік емес, нәзіктіктің, дәулеттің және биік талғамның белгісі саналған.
Бұл білезіктің де өз иесі, өз тағдыры бар. Оны өз заманында дәулетті әулеттен шыққан Текешова Тойған арнайы тапсырыспен жасатқан. Тойған апамыз бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, осы әшекейді өмір бойы ерекше қадірлеп сақтаған. Бұл – тек әсемдік үшін тағылған бұйым емес, отбасының мәртебесін, иесінің талғамын, қазақ қызының көркі мен қадірін айшықтаған асыл дүние.
Бүгінде осы білезік музей қорында сақтаулы. Ол өткеннің үнсіз куәсі ретінде ата-бабамыздың талғамын, қазақ зергерлерінің шеберлігін және ұлттық мұрамыздың байлығын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп тұр.
Өткеннің әрбір жәдігері – тарихтың тірі куәсі. Ал сол тарихты бірге тану – бәріміздің ортақ парызымыз.
Деректер Махамбет тарихи- өлкетану музейінен


