АУЫЛ – ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ. ҰЛТТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІ МЕН МӘДЕНИЕТІ, ТӘРБИЕСІ МЕН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ АУЫЛДАН БАСТАУ АЛАДЫ. ӘР АУЫЛДЫҢ КЕЛБЕТІ, КӨШЕЛЕРІНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ, ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІҢ КҮТІМІ – СОЛ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ. КӨШЕГЕ ҚОҚЫС ТАСТАМАУ, АУЛАНЫ КҮТІП ҰСТАУ, ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДЫ ЛАСТАМАУ, ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН КӨРСЕТЕДІ. АЛАЙДА ҚОҒАМДА БҰЛ МӘДЕНИЕТТІҢ ӘЛІ КҮНГЕ ТОЛЫҚ ҚАЛЫПТАСА ҚОЙМАҒАНЫ ҚЫНЖЫЛТАДЫ.
Көктем мен жаз мезгілдерінде ауыл көшелерінің шетінде үйілген тұрмыстық қалдықтарды, құрылыс заттарын жиі кездестіруге болады. Кей тұрғындар қоқысты арнайы орындарға апарудың орнына бос жатқан жерлерге төге салады. Соның салдарынан ауыл маңында бейберекет қоқыс орындары пайда болып, экологиялық жағдайға кері әсерін тигізеді.
– Ауылдың тазалығы әр тұрғынның өзінен басталуы керек. Тазалық мәселесін тек арнайы мекемелерге артып қою дұрыс емес. Егер әр тұрғын өз үйінің маңын таза ұстап, қоғамдық орындарды ластамаса, ауылдың көркі де арта түсер еді. Тазалық мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала ата-анасының іс-әрекетіне қарап өседі. Егер ата-анасы көшеге қоқыс тастамай, қоршаған ортаға жанашырлық танытса, бала да сол әдетті бойына сіңіреді. Сондықтан тазалық мәдениетін қалыптастыру ұядағы тәрбиеден басталуы тиіс, - дейді зейнеткер Сания Некесова.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін бірнеше маңызды қадамдар қажет-ақ. Біріншіден, отбасы мен мектеп тәрбиесін күшейту керек. Екіншіден, тұрақты түрде экологиялық акциялар мен сенбіліктер өткізу маңызды. Үшіншіден, қоғамдық орындарға жеткілікті мөлшерде қоқыс жәшіктерін орнату қажет. Төртіншіден, тазалық ережелерін бұзған азаматтарға қатысты заң та¬лаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қазақ халқы ежелден табиғатты аялауды қасиетті борыш санаған. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылдардың өзі қоршаған ортаға деген жауапкершілікті көрсетеді. Бүгінгі ұрпақ осы құндылықтарды жалғастырып, туған жерінің тазалығына бейжай қарамауы тиіс. Таза ауыл – болашақ ұрпаққа қалатын аманат. Сондықтан ауыл тазалығы мәселесіне тек науқандық шара ретінде емес, ортақ міндет әрі азаматтық жауапкершілік ретінде қараған жөн.
Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселе кейбір көшелердегі қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі мен қоқыс шығару жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылмауы. Кейбір шалғай көшелерде тұрғындар қалдықтарды қайда тастарын білмей, уақытша жинақтауға мәжбүр болады. Бұрын орталық саябақ ішінде демалушыларға қолайлы болу үшін әр орындық жанында арнайы урналар тұратын. Қазіргі уақытта басым бөлігінің алы¬нып тасталғаны себебінен қоқыстар бейберекет шашылып жатыр. Бұл өз кезегінде саябақтың көркін бұзып, тазалық жағдайына кері әсерін тигізуде.
Аталған мәселе жөнінде Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сырым Есенғалидан сұрағанымызда, ол бұрынғы урналардың уақыт өте келе ескіріп, жарамсыз күйге түскенін айтады.
– Бұрын қойылған урналар ұзақ уақыт пайдаланылғандықтан сынып, жарамсыз болып қалды. Қазіргі таңда бұл мәселе назарда тұр. Жақын арада жаңа қоқыс жәшіктері қойылып, аллея аумағының тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді бас маман.
Сонымен қатар тұрғындардың шағымына жиі арқау болып жүрген тағы бір мәселе – Абай көшесі бойындағы екі қабатты тұрғын үйдің арт жағында орналасқан қоқыс контейнерлерінің маңайындағы ретсіз шашылған қалдықтар. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше рет аудан әкімдігінің Telegram желісіндегі ресми чатына жолданғанымен, қоқыс қалдықтарының толықтай жиналмай жатқан кездері кездеседі.
– Тұрғындардан келіп түскен ұсыныс-пікірлер мен ескертулер міндетті түрде қаралады. Абай көшесіндегі контейнерлер маңындағы тазалық мәселесі де бақылауда. Ол жерлерде тиісті жұмыстар атқарылып, шашылған қоқыстар жиналады, – дейді С.Есенғали.
Соңғы уақытта демалыс саябағының күтімі де көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Тұрғындардың айтуынша, саябақ аумағындағы қаумалап өскен шөптер уақытылы шабылмай, демалыс орнының көркін бұзуда. Әсіресе, балалар ойын алаңының айналасындағы тазалық мәселесі ата- аналарды алаңдатып отыр.
– Аудан орталығындағы ең үлкен саябақ – ауыл тұрғындарының, әсіресе, балалар мен жастардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Сондықтан оның әрдайым таза әрі күтімді болғанын қалаймыз. Балалар ойнайтын жерлердің айналасында қоқыс жатпауы керек. Ал гүл егілетін орындар арамшөпке толып кетсе, саябақтың сәні кетеді. Осындай мәселелерге жауапты мекемелер көбірек көңіл бөлсе дейміз, – дейді ауыл тұрғыны Айман Қуанышқызы.
Демалыс саябағы – тек демалыс орны ғана емес, ауылдың бет-бейнесін айқындайтын маңызды нысандардың бірі. Сондықтан мұндағы тазалық пен тәртіп мәселесі тұрғындардың да жауапты мекемелердің де тұрақты назарында болуы қажет. Тазалық мәселесіне қатысты өз пікірін білдірген Олжабаев көшесінің тұрғыны Айнагүл Сүлейменованың айтуынша, кейбір қоқыс алаңдарында пластикалық бөтелкелерді бөлек жинауға жағдай жасалмауы қалдықтарды сұрыптау жұмысына кері әсерін тигізуде.
– Қоқыс жәшіктерінің жанында бөтелкелерді жинайтын бөлек жәшік болғаны дұрыс еді. Кейде контейнер бос тұрғанның өзінде қалдықтар айналасында шашылып жатады. Мұның бәрі ауылдың тазалығына әсер етеді, – дейді ол.
Ауыл тұрғындарының арасында тазалыққа немқұрайлы қарайтындар әлі де кездеседі. Кейде арнайы қоқыс жәшігі бола тұра қалдықтарды оның жанына тастап кету немесе қоқыс жәшіктері орналасқан арнайы қоршаулардың есіктерін сындырып, бүлдіру жағдайлары да кездесіп отыр. Бұл – ортақ мүлік, оны күтіп ұстау әр тұрғынның міндеті болуы керек. Тазалық тек коммуналдық қызметтің жұмысы емес, ол – әр адамның мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Ауылдың көркеюі мен тазалығы ең алдымен әр тұрғынның өзінен басталатыны анық. Тазалық мәселесін шешудің ең тиімді жолдарының бірі – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені, көшеге қоқыс тастамау немесе қоғамдық орындарды таза ұстау тек бақылау мен айыппұлдың нәтижесінде емес, адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің арқасында жүзеге асады.
– Қанша жерден тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоқыс шығарылып тұрса да, тұрғындардың өздері тазалықты сақтамаса, мәселе толық шешілмейді. Сондықтан әр азамат туған жерінің тазалығына жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарауы қажет. Таза ауыл – бәріміздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі, – дейді Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сырым Есенғали.
Шын мәнінде ауылдың тазалығы арнайы мекемелердің жұмысына ғана байланысты емес. Ол – әр тұрғынның азаматтық ұстанымының көрсеткіші. Сондықтан тазалық мәдениетін қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Ш.АСЛАНҚЫЗЫ


