«Таза Қазақстан»: Ауданның көркеюі – ортақ міндет

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, туған жерге деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға бағытталған.

Жасыл экономика – тек экономикалық бағдарлама емес, ол – өмір салты. Ол өндірісте де, тұрмыста да, білім мен тәрбиеде де көрініс табуы керек. Табиғатқа жанашырлық таныту, ресурстарды үнемдеу, қалдықты азайту, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың қолынан келетін іс.

Осы бағытта ауданымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді тазалау, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіру, көгалдандыру, ағаш отырғызу, санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы шаралар тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Мұндай жұмыстар ауданның көркін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылдың өзі халқымыздың табиғатқа деген құрметін көрсетеді. Бүгінгі Жасыл экономика бағыты мен «Таза Қазақстан» акциясы да осы ұлттық ұстаныммен үндеседі. Келер ұрпаққа таза табиғат, жасыл желек, қауіпсіз орта қалдыру – бүгінгі қоғамның басты міндеті.

Тазалық пен көркейту жұмыстары тек арнайы мекемелердің ғана міндеті емес. Әрбір тұрғын өз ауласынан, өз көшесінен, өз ауылынан бастап үлес қоса алады. Қоқысты белгіленген орынға тастау, жасыл желекке ұқыпты қарау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу – қарапайым болғанымен, қоршаған ортаға үлкен әсер ететін әрекеттер.

Қазіргі таңда табиғатты сақтай отырып, дамуды үйренген елдер ғана алға шығады. Қоршаған ортаға зиянды технологияларды азайтып, ресурстарды тиімді пайдалану – әлемдік деңгейдегі маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан Жасыл экономикаға көшу – Қазақстан үшін стратегиялық таңдау.

Бұл бағытта мемлекеттік деңгейде нақты міндеттер қойылып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу, ағаш отырғызу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда. Ал «Таза Қазақстан» акциясы осы бастамаларды жергілікті деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ауданымыздың таза әрі көрікті болуы – баршамызға ортақ міндет. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны сақтау, туған жердің ажарын арттыру әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Тазалықты сақтаған, табиғатқа жанашырлық танытқан қоғам ғана жарқын болашаққа қадам басады.

Таза аудан – жайлы өмірдің кепілі. Ал туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрқайсымыздың ортақ парызымыз.

 

Г.СӘДУАҚАСОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT