Татамидегі тартысты дода

Ауданда каратэ-до кекушинкайдан «Mahambet CUP» аудандық ашық біріншілігі өтті. Балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында өткен жарысқа ауданымызбен қатар көршілес өңірлерден келген 200-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсембаев қатысушылар мен олардың жаттықтырушыларын құттықтап, жарыстың маңыздылығына тоқталды.– Бүгінгі жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойында тәртіптілік, төзімділік пен жеңіске деген жігерді қалыптастыратын маңызды алаң. Мемлекет тарапынан балалар спортына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде ауданымызда түрлі спорт түрлері қарқынды дамып, дарынды жастардың қатары артып отыр. Каратэ спорты да – солардың бірі. Осындай жарыстар арқылы болашақ чемпиондар қалыптасады деп сенемін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді бөлім басшысы. Жарыс барысында ауданымызда каратэ спортын дамытуға елеулі үлес қосып, облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген жас спортшылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Татамиде өткен тартысты белдесулер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әр салмақта бақ сынаған спортшылар өздерінің техникалық дайындығын, жылдамдығы мен қайсар мінезін көрсете білді. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы кездесулер тартысқа толы өтіп, жеңіс үшін күрескен спортшылардың жігері көпшілікті тәнті етті. Каратэ-до кекушинкайдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Айгерім Айшуақова мұндай жарыстардың жас спортшылар үшін ғана емес, өз қорқынышын жеңуді, тәртіп пен табандылықты үйренеді. Біз үшін ең бастысы – балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Қазіргі таңда ауданымызда каратэ спортына қызығушылық танытып жүрген балалардың саны артып келеді. Бұл болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге жол ашады деп сенеміз, – деді жаттықтырушы. Жарыс қорытындысында өз салмақ дәрежелері бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан кубоктар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT