Көне Сарайшық – ғасырлар қойнауынан жеткен тарихтың үнсіз куәгері. Оның топырағынан табылған әрбір жәдігер, тасқа түскен таңба мен жазу бір кезеңнің тыныс-тіршілігінен, мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді. Осындай құнды мұраны жас ұрпаққа танытып, туған өлкенің тарихына қызығушылығын арттырудың маңызы зор.
Осы мақсатта «Сарайшық» мемлекеттік тарихи - мәдени музей-қорығының қызметкерлері Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің 9-сынып оқушыларымен кездесіп, «Көне Сарайшық сыры: Тастағы жазулар мен ана тіліміз» тақырыбында интерактивті дәріс-сабақ өткізді.
45 минутқа созылған тағылымды сабақта оқушылар Сарайшық шаһарының тарихымен, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлермен және оларда сақталған жазулар мен түрлі белгілермен танысты. Мамандар әрбір таңба мен жазудың өткен дәуірдің тұрмыс- тіршілігін, мәдени ортасы мен рухани дүниесін тануда маңызды дерек көзі саналатынын түсіндірді. Музей-қорықтың қор сақтаушысы Әсем Шеркешбаева мұндай кездесулердің жас ұрпақ үшін танымдық маңызына тоқталды.
– Сарайшықтан табылған жәдігерлер – жай ғана көне бұйымдар емес, өткен дәуірден бізге жеткен тарихи дерек. Әсіресе, тастағы, қыш бұйымдардағы жазулар мен түрлі таңбалар сол кезеңдегі адамдардың дүниетанымы, мәдениеті мен тұрмысынан хабар береді. Балалар жәдігерді өз көзімен көріп, оның тарихын білген кезде туған жердің өткеніне деген қызығушылығы арта түседі. Сондықтан мұндай сабақтар арқылы оқушыларға Сарайшықтың бай мұрасын жақыннан танытуды мақсат етеміз,- дейді Ә.Шеркешбаева.
Кездесу дәстүрлі дәріспен ғана шектелген жоқ. Музей қызметкерлері оқушылар үшін бірнеше интерактивті тапсырма дайындап, тарихи тақырыпты ойын арқылы тереңірек танытуға мән берді. «Терминді тап!» ойынында балалар тарихи ұғымдарды жаңғыртып, білімдерін сынады. Ал «Жәдігерді сипатта» тапсырмасы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Арнайы дорбаға жасырылған Сарайшықтың көне шүмегін, жылқы бейнесіндегі қола құлыпты және тарихи тиынды оқушылар көрместен, қолмен сипап сезу арқылы анықтауға тырысты. Бұл тапсырма олардың зеректігі мен логикалық ойлау қабілетін сынап қана қоймай, ортағасырлық жәдігерлерді өзгеше тәсілмен танып- білуіне мүмкіндік берді.
Осылайша көне Сарайшықтың тарихы балаларға құрғақ деректермен емес, нақты жәдігерлер мен олардан жеткен белгілер арқылы танысты¬рылды. Ғасырлар бұрын қолданыста болған бұйымдар мен жазулар кезінде осы жерде тіршілік қайнап, өзіндік мәдениеті қалыптасқан ірі шаһар болғанын айғақтай түседі.
Шара соңында белсенділік танытқан оқушылар музей-қорықтың арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ оларға Сарайшықтың аңыздары мен флора-фаунасы суреттелген «Қасиетті мекеннің сырлы табиғаты» кітапша-буклеті және «Сарайшық соғыс жылдарында. 1939- 1945 жылдар» тарихи буклеттері табысталды. Көне шаһардың сырын жәдігер арқылы ұғындырған тағылымды сабақ оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырды. Өйткені, Сарайшықтың әр тасында, әр таңбасында, әр көне бұйымында ғасырлардан жеткен тарихтың ізі бар.
Қ.АЙТҚАЛИ


