Астана қаласында өткен «Ұлттық тарих күні» республикалық тарихи зерттеу жобалары байқауында Махамбет ауданының жас зерттеушілері үздік нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар жеңімпаздарға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласына жолдама табысталды. Бұл – аудан білімі үшін ғана емес, ұлттық та¬рихты дәріптеп жүрген жас буынның үлкен жетістігі.
Беделді байқауда Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары Еркеғали Нұрлыбекұлы, Дәулет Серікұлы, Ұлан Бауыржанұлы, Нұрислам Берікұлы және Қасымхан Кәкімжанұлы жоғары дайындықтарын дәлелдеп, республикалық кезеңнің жеңімпазы атанды. Оқушылардың ғылыми жетекшісі – тарих пәнінің мұғалімі Саягүл Исағалиқызы.

Айта кетейік, бұл байқау жыл сайын еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының 7-11 сынып оқушылары арасында өткізіледі . Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың ұлттық тарихқа, мәдени мұраға және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тарихи зерттеу мәдениетін қалыптастыру, дереккөздермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және жас зерттеушілердің сыни ойлау қабілетін дамыту.
Байқау барысында қатысушылар тарихи оқиғалар мен құбылыстарды түрлі қырынан саралап, тың зерттеу жұмыстарын ұсынды. Олар тарихи деректерді салыстырып, талдап, нақты дәлелдер негізінде өз тұжырымдарын қорғап шықты. Махамбеттік оқушылар қазақ халқының азаттығы жолында күрескен қос батыр – Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлының образдарын үлкен шеберлікпен сомдап, тарихи кезеңнің рухын көрерменге әсерлі жеткізе білді. Қазылар алқасы қойылымның мазмұнына, тарихи дәлдігіне және сахналық мәдениетіне жоғары баға берді.
Бұл жетістікке оқушылардың сынып жетекшісі Эльмира Нұрышқызының да қосқан үлесі зор. Ол шәкірттердің шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетіп, байқауға тыңғылықты дайындалуына атсалысты. Айта кетерлігі, Д.Төленов мектебінің оқушылары бұған дейін байқаудың облыстық кезеңінде де жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал Астанада өткен шешуші кезеңде өз білімдері мен ізденістерінің нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеп, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Жеңімпаздардың жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Саягүл Исағалиқызы шәкірттерінің жетістігіне тоқталып, бұл жеңістің артында үлкен еңбек жатқанын айтты.
– Бұл – ең алдымен балалардың табандылығы мен ізденісінің нәтижесі. Олар тарихи деректермен ұзақ уақыт жұмыс істеп, әр мәліметті жан-жақты зерттеді. Байқауда ғылыми жобаны қорғап қана қоймай, Махамбет пен Исатай бабаларымыздың образдарын сахнада шынайы көрсету үлкен жауапкершілікті талап етті. Оқушылар сол сенімнен шыға білді. Осындай дарынды шәкірттермен жұмыс істеу – үлкен мақтаныш. Бізге сенім артып, қолдау білдірген мектеп ұжымына, ата-аналарға және жанкүйер болған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – дейді жетекші.

Ұстаздың еңбегі де лайықты бағасын алды. Байқауды ұйымдастырушылар Саягүл Исағалиқызына арнайы Алғыс хат табыстап, онда оның оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, ғылыми- зерттеу жұмыстарын сапалы дайындауға қосқан үлесі, академиялық адалдық қағидаттарын берік ұстанып, жас ұрпақтың ұлттық тарихқа деген қызығушылығы мен тарихи санасының қалыптасуына сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.
Республикалық байқауда аудан абыройын асқақтатқан жеңімпаздарды туған жерге ерекше құрметпен қарсы алды. Атырау теміржол вокзалында Д.Төленов атындағы мектептің ұстаздары, оқушылары, ата-аналар қауымы мен жақындары жас тарихшыларды гүл шоқтарымен қарсы алып, ақжарма тілектерін ар¬нады. Жеңімпаздардың қуанышына ортақтасқан көпшілік олардың еңбегіне жоғары бағасын беріп, аудан мерейін өсірген жетістіктерімен құттықтады.

Бұл жеңіс – тек бір мектептің ғана емес, күллі ауданның мерейі. Ұлттық тарихты терең танып, оны ғылыми ізденіс пен шығармашылық арқылы насихаттай білген жас зерттеушілердің табысы – өскелең ұрпаққа үлгі болатын жарқын жетістік. Ал алда жеңімпаздарды тарихи шаһар – Ыстамбұлға сапар күтіп тұр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


