№226 сайлау учаскесінде тұрғындар жеке ғана емес, отбасыларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасауда.
Солардың бірі – Оспановтар отбасы. Отбасы мүшелерімен бірге келген Данияр Қуанышұлы Оспан ең жас сайлаушылардың бірі ретінде алғаш рет дауыс берді.
Сондай-ақ Таужановтар отбасы да сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс берді. Ал Талдыкөл ауылының жас келіні Несібелі Еркінқызы жаңа отбасы – Сариевтер әулетімен бірге келіп, азаматтық таңдауын жасады.
— Жаңа отбасыммен бірге сайлауға келіп, дауыс беру мен үшін ерекше сәт болды. Осындай маңызды күні бір шаңырақ болып өз таңдауымызды жасағанымызға қуаныштымын, – деді Несібелі Еркінқызы.
Сайлауға ауылдың әр буын өкілдері қатысуда. «Алтын алқа» иегері Шынар Төлешқызы Төресаева, көпбалалы ана Альбина Күшпенова, сондай-ақ жас сайлаушылар Дамир Ержанұлы мен Ғанибет Жанғалиұлы да сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Талдыкөл тұрғындарының сайлауға белсенді қатысуы жалғасуда.



