Тақырып: Махамбет ауданында референдум жоғары белсенділікпен өтті.

 

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына байланысты жалпыхалықтық референдум аясында Махамбет ауданындағы барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, күні бойы тұрғындарды қабылдады. Аудан халқы маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
Ауданның барлық ауылдық округтеріндегі учаскелерде дауыс беру заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті. Таңертеңнен бастап тұрғындар учаскелерге келіп, өз азаматтық борыштарын орындады.
Ортақшыл ауылындағы №231 референдум учаскесінде дауыс беру күні бойы қарқынды жүргізілді. Ауыл тұрғындары минут сайын келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың қатарында Дауылбаевтар отбасы, көпбалалы Хамзин Амантайдың жанұясы және ауыл тұрғыны Жұмағалиева Алтынай да бар. Сонымен қатар 91 жастағы Нұрбетай апамыз да отбасымен келіп, ұрпағының болашағы үшін дауыс берді.
Есбол ауылындағы №232 референдум учаскесінде де тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Таңертең алғашқы болып Төлеп Ақгүл дауыс берсе, күні бойы ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері келіп, өз таңдауларын жасады. Көпбалалы Тілегеновтер отбасы да жанұя мүшелерімен бірге келіп дауыс берді. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмаған 16 тұрғынға үйден дауыс беру ұйымдастырылып, олардың барлығы өз таңдауын жасау мүмкіндігіне ие болды.Махамбет ауылындағы №217 сайлау учаскесінде де дауыс беру белсенді өтті. Әр түрлі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары учаскеге келіп, өз дауыстарын берді. Жас отбасы балаларымен бірге келіп дауыс беріп, жаңа заңның болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.
Талдыкөл ауылындағы №226 референдум учаскесінде тұрғындардың белсенділігі ерекше байқалды. Мұнда ауылдың үлгілі отбасылары, көпбалалы аналар, жас сайлаушылар және ардагерлер келіп дауыс берді. Сонымен қатар 12 тұрғынға үйден дауыс беру ұйымдастырылды.
Таңдай ауылындағы №222 референдум учаскесінде де тұрғындар белсенділік танытты. Жас сайлаушы Гүлназ Азаматқызы алғаш рет дауыс беріп, өзінің азаматтық таңдауын жасады. Бұл күні учаске алдында Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Ал Алға ауылындағы №229, Еңбекшіл ауылындағы №230, Бейбарыс ауылындағы №225, Жалғансай ауылындағы №221 және басқа да учаскелерде тұрғындар белсенді қатысып, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
Референдум барысында ерекше жағдайлар да орын алды. Кейбір ауылдарда үш буын өкілдері бірге келіп дауыс берсе, жас отбасылар кішкентай балаларымен келіп азаматтық белсенділік көрсетті. Сондай-ақ қарт тұрғындар мен ғасыр жасаған әжелер де өз таңдауларын жасап, жастарға үлгі болды.Аудан бойынша бақылаушылар мен комиссия мүшелері референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етті. Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген.
Жалпы, Махамбет ауданында өткен жалпыхалықтық референдум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, тұрғындардың белсенді қатысуымен ерекшеленді. Әрбір берілген дауыс – ел болашағына деген сенім мен жауапкершіліктің көрінісі болды.

#МенДауысБердім
#ЕлімҮшінТаңдау
#РеферендумғаБардым

Ш.Төлегенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT