Жаз мезгілінде ауа райының ысып, жауын-шашынның азаюына байланысты орман мен дала өрттерінің қаупі артады. Сондықтан табиғатты тілсіз жаудан қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Орман және дала өрттері өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, қоршаған ортаға, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігіне зор зиян келтіреді. Өрт салдарынан ағаштар мен бұталар жойылып, табиғаттың ылғал сақтау, қорғаныш және экологиялық тепе-теңдік қызметтері әлсірейді. Сонымен қатар көптеген жануарлар мен құстардың мекені жойылып, табиғи байлыққа орны толмас шығын келеді.
Табиғи өрттердің басым бөлігі адам әрекетінен туындайды. Демалыс кезінде сөндірілмеген от, тасталған темекі тұқылы, сіріңке немесе отты абайсыз пайдалану салдарынан далада өрт жиі орын алады. Құрғақшылық, аптап ыстық пен қатты жел де өрттің тез таралуына себеп болады.
Өрттің алдын алу үшін табиғат аясында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Атап айтқанда:
– өрт қаупі жоғары кезеңде далада немесе орманда от жақпау;
– сөндірілмеген темекі тұқылын, сіріңкені жерге тастамау;
– демалыс аяқталған соң оттың толық сөнгеніне көз жеткізу;
– айналаны қоқыстан тазартып, табиғатты ластамау.
Егер далада немесе орманда өрт шыққанын байқасаңыз, бұл туралы дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлап, жақын маңдағы ауылдық округ әкімдігіне ақпарат беру қажет. Өрттің шағын ошағын қауіпсіз болған жағдайда ғана қолда бар құралдармен сөндіруге болады.
Шағын өртті бұтақпен ұрып өшіру, топырақ немесе құм себу, аяқпен таптау, сондай-ақ жақын маңда су болса сумен сөндіру тәсілдері тиімді. Ең бастысы – өрттің таралу бағытын бақылап, өз қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қою.
Дала өртінің жақындағанын түтіннің иісі, көкжиектегі қою түтін, түнгі уақытта алыстан көрінетін қызыл жалын, құстар мен жануарлардың мазасыздануы арқылы байқауға болады. Өртке тап болған жағдайда үрейге бой алдырмай, қауіпсіз бағытқа қарай қозғалып, желдің бағытын ескерген жөн. Қажет болған жағдайда өрт ошағынан мүмкіндігінше алыс жерге эвакуацияланып, жанғыш заттардан аулақ болу керек.
Табиғатты қорғау – тек жауапты мекемелердің емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Әрбір тұрғын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, туған жердің табиғи байлығын сақтауға өз үлесін қоса алады.
Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі


