Соңғы жылдары аудан орталығының тазалығы мен көркейту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жайық жағалауы абаттандырылып, жаңа демалыс орындары ашылды. Балаларға арналған ойын алаңдары көбейіп, көшелердің келбеті жақсара түсті. Мұның барлығы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған жұмыстар.
Алайда жасалып жатырған жұмыстарды зая кетірмей, ел игілігіне берілген нысандарды күтіп ұстау – ең маңызды мәселенің бірі болып отыр. Жасыратыны жоқ, бізде заман талабына сай жасақталып, жап-жаңа күйде пайдалануға берілген ойын алаңдары көп ұзамай адам танымастай күйге түсіп жатады. Ойын құралдарының кейбір бөлшектері бүлініп, сырғанақтары сынып немесе қоршаулары майысып қалады. Өкініштісі сол, мұндай жағдайдың басым бөлігі табиғи тозудан емес, адамдардың ұқыпсыз пайдалануынан немесе қасақана әрекетінен туындап жатады.
Әсіресе кешкі уақытта Жайық жағалауындағы ойын алаңдарына барған кезде көңілге қаяу түсіретін көріністер жиі кездеседі. Жасөспірімдер кішкентай балаларға арналған сырғанақтарға шығып, салмағын көтермейтінін біле тұра құрылғыларға секіріп, әткеншектерді пайдалануы көрер көзге тұрпайы. Жасаған ескертуіңе құлақ аспақ түгілі, өзіңе сөз қайтаруға дайын тұратындарын қайтерсің?! Бір қарағанда білместікпен жасалған әрекет секілді көрінуі мүмкін. Алайда бұл мемлекет мүлігін қасақана бүлдіру, миллиондаған қаржысын желге ұшырумен тең емес пе? Бүгін сынған әткеншек немесе майысқан сырғанақ ертең кішкентай бүлдіршіннің жарақат алуына себеп болуы әбден мүмкін.
Жыл сайын әкімдікке ойын алаңдарын салу немесе ескілерін жаңарту жөнінде ондаған өтініш түсіп жатады. Махамбет ауылдық округінің әкімі Бақтыбек Мұхамбетқалиевтің айтуынша, ойын алаңдарының жобасы бөлінген қаражатқа қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
– Бір ойын алаңын салуға немесе толық жаңартуға қыруар қаражат қажет. Аудан бюджетінің мүмкіндігі ондай шығынды көтеруге қауқарлы емес. Соған қарамастан бұл жұмыстарды демеушілер арқылы жүргізу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Махамбет ауылындағы Д.Төленов көшесіндегі 18 пәтерлі тұрғын үй маңындағы ойын алаңы бір ай көлемінде жөндеуден өткізіліп, толық жаңартылды. Қазіргі таңда тұрғындардан түскен өтінішке сәйкес, ойын алаңдары жоқ, орнатуға болатын аумақтардың барлығын зерделедік. Алдағы уақытта қаржы бөлінген жағдайда ойын алаңдарының жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, – дейді ауыл әкімі.
Әрбір ойын алаңы – болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция. Онда бүгінгі бүлдіршіндер ойнап өседі, спортқа деген қызығушылығы оянады, қоғамда өзін ұстауды үйренеді . Сондықтан сол ортаға қамқорлық жасау – әрбір тұрғынның азаматтық парызы. Балаларға қуаныш сыйлаған ойын алаңдары ұзақ жылдар бойы өз қызметін атқаруы үшін әкімдік пен тұрғындардың еңбегі қатар жүруі керек. Мемлекет жасап жатқан игілікті бағалап, ортақ мүлікті өз үйіміздей күтіп ұстасақ қана ауылымыз одан әрі көркейіп, жас ұрпаққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА


