Спорт деген бір сиқыр

«Шынықсаң, шымыр боласың» дегендей, күнделікті орындалар дене жаттығуының денсаулығымыз үшін пайдасы зор. Қашанда бойымызға саулық пен сергектік сыйлайтын спорттың қай түрі болмасын жас талғамайды. Бүгінде ауданымызда мектеп жасындағы жасөспірімдерден бастап, қамал алар жасқа жетсе де алты ондықтың асуынан асса да салауатты өмір салтын ұстанып жүрген азаматтарымыз аз емес. Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні қарсаңында түрлі жарыстарда топ жарып, аудан намысын қорғап жүрген спортшыларымыз жөнінде жазуды жөн көрдік.

Спорт саласы туралы сөз еткенде алдымен аудан спортының қалыптасу тарихынан азды-кем сыр шертіп өтсек артық болмас. Талай спорт тарландары мен жарыс жүйріктерін тәрбиелеп шығарған бүгінгі Махамбет балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің іргетасы 1969 жылы 12 тамызда қаланған болатын. Сол кезде мектеп оқушылары мен ауыл жастарының жүйелі түрде спортқа ден қойып, тұрақты шұғылдануына айтарлықтай еңбегі сіңген Жылқайдар Сұлтанов ағамыздың есімін ерекше атап өтуіміз керек. Ол спорт мектебін жиырма жылға жуық уақыт басқарып, осы жылдардың ішінде аудан спортын белгілі бір деңгейге жеткізді. Жылқайдар ағамыз ауданда күрес спортының, Альфарит ағамыз бокс спортының, Дүкенғали ағамыз волейболдың, ал Анарбек ағамыз баскетболдың негізін қалаған екен. Сол кезде махамбеттік спортшылар спорттың қай саласынан да облыс көлемінде бәйгенің алдын бермей, жетістіктері аудан спорт саласының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. 

Бүгінде сол аға буын өкілдерінің салған сара жолын жалғастырып, арада қаншама жылдар өтсе де күні бүгінге дейін шырағын сөндірмей келе жатқан волейболдан ардагерлер құрамасының орны бөлек. Кезінде Дүкенғали Төленов негізін қалаған волейбол командасының белді мүшесі болған, жылдар бойы спортты өмірлік серігіне айналдыра білген, бүгінде мемлекеттік қызмет саласының ардагері Әзмұхан Есенғалиев өткен күннің естеліктерімен бөлісті. 

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде спорттық үйірмелерге қатыстық. Сол кезде волейболдан Дүкенғали ағайдың шәкірттері болып, Султангубиев Жұмағали, Аймұханов Бекежан, Пазылов Хасан т.б. жасөспірімдер арасындағы аймақтық Қазақстан Республикасы біріншілігінің жүлдегері атанадық. Одан өзге де жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрдік. Мектеп бітіріп, жан-жаққа кеткенімізбен, кейін 2000 жылдары жасымыз қырықтан асқанда бұрынғы құраммен ардагерлер командасын жинақтауға тура келді. Жоғарыда аты аталғандардан бөлек, Сағынбай Шотпақов, Мұрат Ибрашев, Ержігіт Андашев, Есенжан Маменов, Нұрлыбек Қыстаубаев, Амантай Кенжеғұлов т.б. азаматтар қатарымызға қосылды. Жасыратыны жоқ, ол кезде дайындық жасаудың өзіндік қиындықтары болды. Соған қарамастан, түрлі жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иелендік. Соңғы екі жылдан бері команданың құрамы біртіндеп жаңарып, артымыздан ерген інілеріміз жалғастырып келеді, - дейді ол. Олар түрлі жауапты қызметте жүрсе де кейін зейнеткерлік жасқа жетсе де, спорттан бір сәтке қол үзбеді. Керісінше салауатты өмір салтын қолдап, түрлі спорттық шараларда белсенділік танытып, кейінгі жастарға үлгі көрсетіп, бұқаралық спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосты. 

Ардагер волейболшылар командасының бүгінгі құрамы он жеті адамнан тұрады. Атап айтсақ Б.Иманалиев, Е.Қажкенов, Е.Баймұханов, З.Имангалиев, А. Ахатов , Д. Оңдағани , Қ.Чунышкалиев, Д.Махамбет, Ш.Тұрақов, Н.Қуанов, А.Сабиров, С.Жұмахметов, Р.Мусин, Д.Аташев, Т.Құрманов, А.Смагулов, А.Ахметов барлығы да осы аудан топырағында туып-өскен азаматтар. Осыған дейін олар түрлі турнирлер мен лигаларда бақ сынап, аудан намысын қолдан берген емес. Бүгінде алды алпысты алқымдаса, ең жасы қырықтың қырқасынан асып отыр. Команда құрамына 35 жасында қабылданып, сол кездегі аға буын өкілдерінің тәлімін көрген Тасболат Құрманов бүгінде команданың жаттықтырушысы әрі белді ойыншыларының бірі. 

Осыдан сегіз жыл бұрын марқұм Андашев Ержігіт ағайдың шақыртуымен ардагерлер командасына қабылданып, содан бастап тұрақты ойыншылар қатарына қосылдым. Қазіргі команда ойыншыларының қай-қайсысы да осал емес. Басым бөлігі қала орталығында қызметте. Қолымыз қалт етсе, спорт залдарға жиналып, жиі дайындық өткізіп тұрамыз. Аудан орталығындағы спорт кешенінде де дайындалуға мүмкіндік беріліп отыр. Қай жасқа келсең де, қандай спорт түрімен шұғылданамын десең де ешқашан кеш емес. Себебі, спорт жас талғамайды. Ең бастысы табандылық пен төзімділік болса болғаны, - дейді команда жаттықтырушысы Тасболат Құрманов. 

Ардагерлер командасының түрлі жарыстардан алған айтулы жетістіктері жетерлік. Әрісін айтпағанда соңғы екі жыл қатарынан өткен ардагерлер арасындағы облыстық лигада және Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген сарбаздарды еске алуға арналған облыстық ашық турнирде жүлделі ІІІ орынды еншілесе, маусым айында өткен «Жылыой ардагерлері» командасының капитаны Сейтимов Ерболат Есполұлын еске алуға арналған турнирде жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар әр түрлі жарыстарда шебер ойыны мен алаңдағы белсенділігі үшін команда мүшелері Ондағани Далабай, Айдос Смағұлов «Үздік ойыншы» ал Дастан Аташев «Үздік байланыстырушы» аталымдарымен марапатталды. 

Кешегі аға буын өкілдері негізін қалаған ауданның ардагерлер командасы бұдан әрі қарай да тамырын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қалады деп сенеміз. 


Б. САПАРОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT