Отанды қорғау — бұл Қазақстанның әрбір азаматының конституциялық міндеті ғана емес, сонымен қатар заңмен нақты реттелген процесс. Шақыру процесі заңды әрі ашық өтуі үшін Батыс аймағының әскери прокуратурасы шақырылушылар мен олардың ата-аналарына жиі қойылатын сұрақтардың жауаптарын дайындады.
Кімдер шақырылады?
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, шақырудан шегіндіруге немесе босатуға заңды негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер адамдар мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Шегіндіру және босату: не білу маңызды?
ҚР заңнамасы азаматтардың құқықтарының сақталуына кепілдік береді. Шақырудан шегіндіру келесі себептер бойынша берілуі мүмкін:
• Денсаулық: медициналық көрсетілімдер бойынша.
• Білім: оқуды жалғастыру үшін.
• Отбасы: белгілі бір отбасылық жағдайлар болған жағдайда.
• Заңда көзделген өзге де заңды негіздер.
Азаматтардың жекелеген санаттары бейбіт уақытта қызметтен толық босатылады (мысалы, денсаулық жағдайына байланысты жарамсыз деп танылған тұлғалар).
«Цифрлы» шақыру: eGov және SMS-хабарламалар
Қазақстандағы әскери есеп жүйесі айтарлықтай цифрландырылды. Енді көптеген процедуралар ашық болды:
1. Мәртебе және қызметтер: Өз мәртебесін білу, шегіндіруді немесе босатуды ресімдеу eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
2. Хабардар ету: Шақыру қағаздары дәстүрлі тәсілмен табысталғанмен, енді 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар да келеді.
Маңызды: Хабарлама алған шақырылушы жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Қызметтен жасыру әкімшілік, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Сақ болыңыздар: алаяқтар!
Әскери прокуратура ескертеді: кейбір тұлғалардың ақы алған тұра шегіндіру немесе босату алуға «көмектесемін» деп алдау жағдайлары жиілеп кетті. Есіңізде болсын: бұл саладағы барлық мемлекеттік қызметтер ТЕГІН көрсетіледі және тек ресми ресурстар арқылы жүзеге асырылады. Үшінші тұлғалар арқылы «мәселені шешу» туралы кез келген ұсыныс — бұл алаяқтық.
Құқықтарыңызды қалай қорғауға болады?
Батыс аймағының әскери прокуратурасы шақыру комиссиялары әрекеттерінің заңдылығына қатаң қадағалау жүргізеді. Егер сіз құқықтарыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, сіздің келесі құқықтарыңыз бар:
• Шақыру комиссиясының шешіміне прокуратура органдарына шағым жасау.
• Сотқа жүгіну.
• Лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеру үшін әскери прокуратураға сұрау салуды жолдау.
Заңдылықты қамтамасыз ету және шақырылушылардың құқықтарын қорғау Батыс аймағы әскери прокуратурасы қызметінің басым бағыттары болып табылады.
Е.Құтқожа,
Батыс айғының әскери прокуроры


