Бір ғана телефон қоңырауы адамның жылдар бойы жинаған қаражатынан айырылуына себеп болуы мүмкін. Қазір алаяқтықтың сипаты өзгеріп, қылмыскерлер адамдардың сеніміне кірудің жаңа тәсілдерін меңгеріп алды. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе түрлі мекеменің маманы ретінде таныстырып, азаматтарды психологиялық қысым арқылы әрекет етуге итермелейді.
Әсіресе, «шотыңызға қауіп төніп тұр», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «ақшаңызды қауіпсіз есепшотқа аударыңыз» деген мазмұндағы хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қарау қажет. Алаяқтардың басты мақсаты – адамның үрейін күшейтіп, асығыс шешім қабылдату.
Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – әңгімені дереу тоқтату және ақпаратты ресми арналар арқылы тексеру. Банк картасының деректерін, SMS арқылы келген растау кодтарын, жеке мәліметтерді бөгде адамға беруге болмайды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін халықтың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Себебі интернет кеңістігіндегі қауіптің алдын алу тек техникалық қорғанысқа емес, адамның сақтығына да байланысты.
Қаржылық қауіпсіздік әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Күмәнді ұсынысқа бірден сенбеу, ақпаратты тексеру және өзгелерге ескерту – алаяқтыққа қарсы күрестің қарапайым, бірақ тиімді жолы.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



