«Секер көл» аңызының ақиқаты

САРАЙШЫҚ МУЗЕЙІНЕ КЕЛУШІЛЕРДІҢ ЕҢ КӨП АЯЛДАЙТЫН ТҰСЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ САРАЙШЫҚ ҚАЛАСЫНЫҢ МАКЕТІ МЕН «СЕКЕР КӨЛІНЕ» ҚАТЫСТЫ АҢЫЗДАР. «ШЫНЫМЕН ДЕ ХАН ҚЫЗЫ ҮШІН КӨЛГЕ ҚАНТ ТӨКТІРГЕН БЕ?» ДЕГЕН СҰРАҚТЫ БІЗ МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ БІРНЕШЕ РЕТ ЕСТИМІЗ. БҰЛ ЖАЙ ҒАНА ЕРТЕГІ ЕМЕС, ОРТА ҒАСЫРЛАРДА БАҒБАНДАР МЕН ДАЛА ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ТАБИҒАТ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛАЙ ШЕБЕР МЕҢГЕРГЕНІН КӨРСЕТЕТІН ҮЛКЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ ТАРИХЫН БАЯНДАУ.

Ел аузындағы әдемі аңыз Алтын Орданың дәуірлеп тұрған шағы Әз-Жәнібек ханның билік құрған кезеңімен байланысты. Ханның өте сұлу, ерке қызы болыпты. Хан қызының серуендеуі үшін қала шетінен үлкен жасанды көл қаздырады. Қыздың сұлулығына тәнті болған табиғат па, әлде әкенің мейірімі ме, әйтеуір бұл көл Сарайшықтың ең көрікті жеріне айналады. Көпшілік арасында көлді толықтай адамдар қолдан қазған деген түсінік бар. Алайда, тарихи және жағрафиялық деректер бұл су айдынының табиғи негізде жасалғанын көрсетеді. Сарайшық шеберлері Жайық өзені мен Сарайшық өзегінің арасындағы табиғи ойпатты пайдаланып, оның аумағын қолдан кеңейткен. Бұл жерде таңғажайып инженерлік шешім үздіксіз ағыс пен табиғи өздігінен тазару болды. Жайық өзенінен келген тұщы су көлге құйылып, одан әрі ағып шығып, Сарайшық өзегіне құйып отырған. Судың бір орнында тұрмай, үнемі алмасып тұруы көл түбінің батпақтануына, судың иістеніп кетуіне жол бермеген. Дәл осы ағынды су жүйесі мен оның жағасында өскен мия тамырларының үйлесімі суды мөлдір, тәтті әрі шипалы еткен. Судың үнемі жаңарып тұруы аққулардың да бұл жерді тұрақты мекенге айналдыруына себеп болған. 

Аңызда Жәнібек хан қызының көңілін табу үшін көлге тонналап секер (қант) төктіреді екен-мыс. Судың тәттілігі мен мөлдірлігі сондай, оған айналадағы барлық аққулар ұшып келіп, қоныстанады. Шаһардың қыздары су алуға келгенде, айдында иін тірескен аққуларды қолдарымен ысырып жіберіп, шелектерін толтырады екен. 
Бірақ хан қызының ғұмыры қысқа болады. Сүйкімді ханша кенеттен қайтыс болғанда Жәнібек хан қайғыдан қан жұтып, қызын алтын табытқа салып, ешкім таптап баспасын деп осы көлдің түбіне жерлейді. Жерлеу рәсімі аяқталған соң қолдан бөгеген өзенді ашып, көлді суға толтырып жібереді. Содан бері бұл жер халық жадында «Секер көлі» немесе «Аққу көлі» деп аталып кетті. 

Музейге келіп, осы тарихты тыңдаған әрбір адам «Алтын Орда заманында тонналап қант төгетіндей мүмкіндік болды ма?» деп ойланатыны анық. Оның үстіне ол заманда қант өте қымбат, тек патшалардың дастарханынан табылатын сирек тауар еді. Олай болса, көлді тәтті еткен не? Сұраққа жауапты бізге Сарайшықтың флорасы мен фаунасы беріп отыр. 

Егер біз аңыздың астарын ғылыми тұрғыдан емес, қарапайым табиғат тілімен түсіндірсек, оның құпиясы мия өсімдігінде жатыр. Сарайшық маңында Жайық бойында жабайы күйінде өте көп өсетін бұл өсімдіктің тамыры нағыз табиғи тәттінің көзі. 

Ханның бұйрығымен көлді қазған кезде оның табаны мен жағалауына мыңдаған түп мия өсімдігі егілген. Мия тамырының құрамында глицирризин деп аталатын ерекше зат бар. Ол кәдімгі қанттан 50 есе тәтті! Көл табанындағы және жағасындағы мия тамырларынан бөлінген шырын суға араласып, оған ерекше тәтті дәм мен хош иіс беріп тұрған. Халық мұны көріп, «хан көлге секер төктірді» деп қабылдаған. 

Бұл ортағасырлық ландшафттық дизайн мен суды тазартудың озық үлгісі еді. Мия тамыры суды тек тәтті етіп қана қоймайды, сонымен қатар табиғи фильтр қызметін атқарған. Ол суды зиянды бактериялардан тазартып, шіріп кетуден сақтайды. Жасанды көлдің суы соның арқасында әрқашан мөлдір болып тұрған. Ол заманда мия тамыры өкпе, суық тию, асқазан ауруларына бірден-бір ем саналған. Көлдің суы ішсе де, шомылса да шипа болған. 
Аңыздағы екінші маңызды кейіпкер - аққулар. Неге құстар осы көлге қаптап қонды? Жауап тағы да табиғатта. Аққу - өте талғампаз, тек таза әрі қорегі мол су қоймаларына ғана қонатын құс. 

Мия тамыры мен көл түбіндегі арнайы егілген балдырлар су астындағы жәндіктер мен ұсақ шабақтардың тез көбеюіне септігін тигізді. Тұщы, тәтті әрі қорекке бай айдын аққулар үшін нағыз «жұмаққа» айналды. Сарайшық аспанында мамырлаған сылаң аққулар мен сұңқылдақ аққулар қаланың басты символы еді. Көлге қонған құстардың көптігі сондай алыстан қарағанда көл бетіне ақ мақта төсеп қойғандай әсер қалдыратын. 

Хан бұйрығымен оңтүстік елдерден, Хорезм мен Ираннан арнайы бағбандар шақырылып, көл жиегіне тал, терек және жеміс ағаштары отырғызылды. Осылайша шөлейтті даланың ортасында құстар ән салып, аққулар жүзген, жағасы жасыл желекке оранған жасанды оазис пайда болды. 

Бүгін біз музей экспонаттарына қарап отырып, тек өткен күннің тарихын ғана емес, ата-бабаларымыздың табиғатпен қалай үйлесімді өмір сүргенін көреміз. «Секер көлі» аңызы - жай ғана романтикалық хикая емес, адам қолымен жасалған керемет эко- жүйенің үлгісі. 

Қазіргі уақытта Сарайшық топырағында сол баяғы шипалы мия әлі де өседі. Ал Жайық айдынынан аққуларды көргенде көкейімізде сол баяғы сүйкімді ханшаның бейнесі мен Әз-Жәнібектің көлі елестейді. Секер көл аңызы бізге табиғатты аялауды, жеріміздің әрбір өсімдігі мен құсын қорғауды аманаттайтын тірі шежіре. Ендеше, Сарайшыққа келіңіздер, аңыздың ақиқатын бірге сезінейік! 


Дильназ МҰХСИЕВА, 
Сарайшық музей-қорығының экскурсия жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT