Сапалы қызмет сенімге жетелейді

Мемлекет пен азамат арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру, олардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшіріліп, азаматтарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берілуде. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында бюрократиялық кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Мемлекеттік қызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, электрондық үкімет порталы және мемлекеттік органдар арқылы алуға болады. Электрондық қызметтердің кеңінен енгізілуі азаматтарға кез келген уақытта қажетті қызметке онлайн түрде өтініш беруге және оның орындалу мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді. 

ЖЕР ТЕЛІМІ ЖӘНЕ НЫСАНАЛЫ МАҚСАТ 

Жер қатынастары саласында көрсетілетін маңызды мемлекеттік қызметтердің бірі – «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік қызметі. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес әрбір жер учаскесінің белгіленген нысаналы мақсаты болады. Жер учаскесі тек сол мақсатқа сәйкес пайдаланылуы тиіс. Алайда азаматтардың немесе заңды тұлғалардың қажеттілігіне байланысты жер учаскесін басқа мақсатта пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 

Аталған мемлекеттік қызметтің мақсаты – жерді тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жер қатынастары саласындағы заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. 

ӨТІНІШ БЕРУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ? 

Мемлекеттік қызметті алу үшін белгіленген тәртіппен өтініш беру қажет. Қызмет көрсету барысында ұсынылған құжаттар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Нәтижесінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылданады немесе заңда көзделген негіздер болған жағдайда дәлелді бас тарту ұсынылады. 

Өтінішті жергілікті атқарушы органға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады. Электрондық форматты пайдалану азаматтарға қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік беріп, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды. 

Жер учаскесінің нысаналы мақсатын заң талаптарына сәйкес өзгерту – болашақта құқықтық мәселелердің туындауына жол бермейтін маңызды рәсім. Сондықтан жер учаскесін басқа мақсатта пайдалануды жоспарлаған әрбір азамат пен заңды тұлға алдымен оның нысаналы мақсатын заңнамаға сәйкес өзгертуі қажет. 

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың маңызды кепілі. Азаматтарға сапалы, жедел және қолжетімді қызмет көрсету – мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің басты мақсаты. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігі одан әрі арта түсетіні сөзсіз. 


М.БАЛАТАЕВА, 
Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT