Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Махамбет тарихи-өлкетану музейінде «Рухани байланыс» атты рухани-ағартушылық кездесу өтті. Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының белгілі ұстаздары мен имамдары қатысып, аудан тұрғындарымен еркін пікір алмасты.
Кездесудің басты мақсаты – дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, жастарды жат ағымдардың жетегінен сақтандыру, отбасы тәрбиесінің маңызын түсіндіру және қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту.
Шараға арнайы қатысқан ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, Әл-Азхар университетінің түлегі, исламтанушы, РАНТ мүшесі Бауыржан Ергешұлы Абдуалиев діннің адам өміріндегі орны, таң намазының берекеті, адал еңбек пен табыстың байланысы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
– Ислам – тек құлшылық емес, ол – тәрбие, мәдениет, адамгершілік. Әрбір мұсылман өз ісімен үлгі болуы керек. Дін мен дәстүр – бір-бірінен ажырамайтын ұғым. Салт-дәстүріміздің көпшілігі шариғаттан бастау алады. Жастарды жат ағымнан сақтаудың жолы – дұрыс тәрбие мен дұрыс түсіндіру жұмыстарында, – деді спикер.
Сонымен қатар ол таңғы уақыттың берекесі мен еңбек өнімділігіне тоқталып, әлемдегі табысты адамдардың ерте тұру әдетін мысалға келтірді. Таң намазының рухани ғана емес, денсаулық пен күнделікті тіршілікке де оң әсері бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, дін, отбасы тәрбиесі, жастар тәрбиесі, қоғамдағы жат ағымдардың алдын алу бағытында еркін пікір алмасты. Әсіресе, «Тәрбие – отбасынан басталады» деген ой көпшіліктің қолдауына ие болды.
Қ.БАҒЫТ


