ҰРПАҚ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

БАЛА – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТІРЕГІ. ОНЫҢ АМАНДЫҒЫ – ОТБАСЫНЫҢ ҒАНА ҚУАНЫШЫ ЕМЕС, ҚОҒАМНЫҢ ДА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ. СОНДЫҚТАН ӘР АТА-АНА ӨЗ ПЕРЗЕНТІНЕ ҚАМҚОР БОЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫҢ ОРТАСЫН, ӘРЕКЕТІН, ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН, ҚАУІПСІЗДІГІН ДЕ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК. АЛ МЕКТЕП, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ МЕН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҚЫЗМЕТІ БҰЛ БАҒЫТТА СЕРІКТЕС ӘРІ ҚОЛДАУШЫ КҮШ БОЛУЫ ТИІС. ОСЫ ОРАЙДА МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА «БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ОТБАСЫ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ.
«ЕРКІНДІК ПЕН БАҚЫЛАУ ҚАТАР ЖҮРУІ ТИІС» 

Ата - аналар жиналысында балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау, құқықтық қорғалуы, жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі және цифрлық ортадағы қатерлер кеңінен талқыланды. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Бақтыбек Төлегенов, аудандық полиция бөлімі бастығы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы, полиция майоры Дастанбек Расулиев, білім беру саласының өкілдері, мектеп басшылары мен ата-аналар қатысты. 

Жиында сөз алғандар қазіргі цифрлық кезеңнің ерекшелігіне тоқталды. Бүгінгі ұрпақ әлемді те¬лефон арқылы таниды, достықты әлеуметтік желі арқылы орнатады, кейде тіпті өз ойын да виртуалды ортада еркін жеткізеді. Мұндай жағдайда баланың қауіпсіздігін тек дәстүрлі тәсілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз екені айтылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева бұл мәселенің мәнін тереңінен тарқатып, бала қауіпсіздігіне қатысты көзқарастың өзгеруі қажеттігін атап өтті. 

– Бала қауіпсіздігіне тек мектеп не ата-ана ғана емес, бүкіл қоғам жауапты. Қазіргі таңда бала тәрбиесі мен қорғалуына қатысты мәселе бұрынғыдан да күрделене түскені анық. Өйткені, бүгінгі бала тек көше мен мектеп ортасында емес, интернет кеңістігінде де өмір сүріп жатыр. Демек, қауіп те өзгерді, қауіптің сипаты да күрделенді. Қазіргі уақытта цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерге тосқауыл қою үшін баланың саналы медиамәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Біз ба¬лаларды тек тыйып қана қоймай, оларға ақпаратты саралай білуді, интернеттегі қауіптен қорғана білуді, өзіне жауапкершілікпен қарауды үйретуіміз керек, – деді ол. 
Спикердің айтуынша, бүгінгі басқосу – жай ғана жиналыс емес, нақты әрекетке бастайтын қадам. Өйткені, бала қауіпсіздігіне қатысты мәселелер тек ескерту айтумен шешілмейді, ол үшін отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. 

«5 МИНУТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ» – ҮЛКЕН ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ 

Жиында Венера Берікқызы білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «5 минуттық құндылықтар» жобасына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама – баланың күнделікті тәрбиесіне жүйелі түрде ықпал етудің тиімді жолы. 

– Бала тәрбиесі – тек мектептің ғана міндеті емес. Мектепте берілген тәрбие үйде жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болады. «5 минуттық құндылықтар» жобасының ба¬сты артықшылығы – оның қарапайымдылығында. Әр сабақтың басында бірнеше минут ішінде оқушы санасына бір құндылықтың дәні себіледі. Бұл аз уақыт сияқты көрінгенімен, күн сайын қайталанған дүние баланың мінезіне, ойлауына, әрекетіне әсер етеді, – деді бөлім басшысы. 
Оның айтуынша, жоба аясында «Қауіпсіздік және денсаулық», «Экологиялық білім беру», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» секілді бағыттар бойынша арнайы тақырыптар қамтылады. Әсіресе, «Қауіпсіздік және денсаулық» апталығы ая¬сында балаларға үйде, көшеде, мектепте және интернетте өзін ұстау мәдениеті түсіндіріледі. 

– Қазір ақпараттық қауіпсіздік – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Сондықтан балаларды интернеттегі қауіптен сақтануға үйрету, цифрлық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Біз балаға тек білім беріп қана қоймай, оны өмірге бейімдеуіміз керек. Сонымен бірге ата-аналардың жобаға белсенді араласуы маңызды. Бала тәрбиесінде ең бастысы – үлгі көрсету. Балалар көбінесе айтқанды емес, көргенін қайталайды. Сондықтан ата-ананың әрбір іс- әрекеті бала үшін үлкен тәрбие. Егер ата-ана сыпайы сөйлеп, тәртіпті сақтап, жауапкершілік танытса, бала да сол қасиеттерді бойына сіңірері сөзсіз. Жобаның нәтижесінде балалардың бойында адамгершілік қасиеттер қалыптасып, тәртіп деңгейі жақсарады, өзара қарым- қатынас мәдениеті артады. Ең бастысы бала саналы, жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасады. Ата-анаға арнайы уақыт бөліп, үлкен жоспар құрудың қажеті жоқ. Тек балаңыздан «Бүгін қандай құндылық туралы айтылды?», «Сен ол туралы не ойлайсың?» деп сұраудың өзі жеткілікті. Осындай қарапайым әңгіме бала мен ата-ана арасындағы сенімді күшейтеді, – деді Венера Қабышева. 
Сондай-ақ «Экологиялық білім беру» аптасында балалар табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйренеді. Ал «Заң және тәртіп» тақырыбы аясында балалар өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, тәртіпті болудың маңызын ұғынады. «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» аптасы балалардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады. Олар еңбек етудің маңызын түсініп, өз мақсаттарына жетуге ұмтылады. 

ҚАУІПСІЗ ҰРПАҚ – ОРТАҚ МІНДЕТ 

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі де жиында кеңінен қозғалды. Аудандық поли¬ция бөлімі бастығы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Дастанбек Расулиев соңғы кезде қоғамды алаңдатып отырған жағдайлар аз еместігін ашық айтты. Оның сөзінен жасөспірімдер қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық анық сезілді. 
– Бүгінгі таңда қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстың жолын кесу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлығымызға ортақ міндет. Кейде оқушылар білместіктен, кейде орта ықпалынан, кейде қызығушылықпен қате қадамға барады. Бірақ оның сал¬дары өте ауыр болуы мүмкін, – деді полиция майоры. 
Ол нақты мысалдар арқылы оқушылар арасындағы агрессия мен қатыгездікке бейжай қарауға бол¬майтынын жеткізді. Әсіресе, буллинг пен кибербуллингтің психологиялық салдары аса ауыр екенін атап өтті. 

– Әлсізді қорлау, мазақ ету – жай әзіл емес. Бұл баланың жан дүниесіне ауыр жара салуы мүмкін. Кейбір балалар ондай қысымнан кейін өмір бойы қалпына келе алмайды. Сондықтан кез келген буллинг дерегіне бейжай қарауға болмайды. Ата-аналар баламен ашық сөйлесіп, оның ортасын бақылап, әлеуметтік желідегі әрекетіне назар аударғаны абзал. Заң талап¬тарын білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын түсіндіру ке¬рек. 14 жасқа толған жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ата-аналар да, балалар да анық білуі қажет. Бір сәттік қателік баланың тағдырына өмір бойы әсер етуі мүмкін. Құқық қорғау органдары үшін ең бастысы – жазалау емес, ал¬дын алу, түсіндіру, сақтандыру,– деді Дастанбек Расулиев. 

Полиция өкілі кәмелетке  толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, ойын-сауық орын-дарында болуы, көшеде бейберекет жүруі ата-ананың жауапкершілігін күшейтетін мәселе екенін айтты. Оның пікірінше, ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын, кешкі уақытын қалай өткізетінін біліп отыруы қажет. Сондай-ақ ол жаз мезгілінде мопед, скутер, самокат сынды көлік құралдарына байланысты қауіптің арта түсетінін атап өтті. 

– Балаға еркіндік беру деген – оны қараусыз қалдыру емес. Әсіресе жазғы демалыста балалардың қозғалысы көбейеді. Осы кезде жол қауіпсіздігіне, көпшілік орындардағы жүріс-тұрысқа ерекше мән берілуі тиіс. Заңды бұзған әр әрекет үшін жауапкершілік бар, – деді спикер. 
Ол мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау кезеңінде жасөспірімдердің автокортеж ұйымдастыруы, көлік терезесінен шығуы, белгіленбеген жерлерде суға түсуі сияқты әрекеттердің орны толмас қайғыға соқтыруы мүмкін екенін де ескертті. 

ЖАЗҒЫ ҚАУІПСІЗДІК: СУ, ТЕРЕЗЕ, ӨРТ – БӘРІ ДЕ МАҢЫЗДЫ 

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов жаз мезгілі басталған сайын балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар көбейетінін айтты. Әсіресе, терезеден құлау мен судағы қауіпсіздік мәселесіне арнайы тоқталды. 

– Балалардың терезеден құлауы көбіне ересектердің немқұрайлылығы мен жауапсыздығынан бо¬лады. Бала москит торына сүйеніп немесе терезе алдына қойылған жиһаз арқылы көтеріліп кетеді. Мұндай қайғылы жағдайлардың барлығы – алдын алуға болатын оқиғалар. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктің және демеушілердің қолдауымен көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын әлеуметтік осал топтардағы отбасылардың пәтерлерінің терезелеріне кең ашылуын бұғаттайтын арнайы бекітпе орнату көзделуде, – деді ол. 

Оның мәліметінше, ел көлемінде соңғы жылдары балалардың терезеден құлау оқиғалары азаймай отыр. Сол себепті аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Көп қабатты тұрғын үйлер араланып, ата-аналарға жады¬намалар таратылып, LED экрандар арқылы бейнероликтер көрсетілуде. 
– Ең бастысы – баланы қараусыз қалдырмау. Терезені ашық тастамау, қауіпсіздік бекітпелерін орнату, терезе алдына жиһаз қоймау секілді қарапайым шаралар баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сонымен бірге аудан аумағында арнайы жағажайдың жоқтығы судағы қауіпсіздік мәселесін күрделендіріп отыр. Белгіленбеген жерлерде шомылу жыл сайын қайғылы жағдайларға себеп болады. Қауіпсіздік туралы қанша түсіндірме жүргізілгенімен, егер арнайы жабдықталған, құтқару қызметі бар заңдастырылған жағажай бол-маса мәселе толық шешілмейді. Сондықтан бұл бағытта жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыстар қолға алынып жатыр, – деді бөлім басшысы. 

Айта кетейік, 2025 жылы суға шомылу маусымы кезінде аудан көлемінде 7 адамның суға кету фактісі орын алды. Оның үшеуі – кәмелет жасына толмаған ба¬лалар, яғни мектеп оқушылары. Өткен жылы жабайы жағажайлар аумағында суға түскен 4 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412-бабына сәйкес 55048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. 

БАЛА ЕҢБЕГІН ҚОРҒАУ – ЗАҢ ТАЛАБЫ 

Жиында жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуы мен еңбек құқықтарының қорғалуы да сөз болды. Жаз мезгілі басталысымен аудан көлемінде ювеналды по¬лиция, учаскелік инспекторлар және тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс- шаралар ұйымдастырылатыны айтылды. Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту фактілеріне жол бермеу. 

Бұл ретте ата-ананың рұқсаты, еңбек нормаларының сақталуы, жұмыс уақытының қысқартылған тәртібі қатаң назарда болуы керектігі түсіндірілді. Спикерлер бұл бағытта тек тексеріс емес, түсіндіру жұмыстары да маңызды екенін жеткізді. 

– Бұл бағытта рейдтік іс-шарасы ұйымдастырылады. Аталған іс шараларды сапалы өткізу үшін аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы мен білім беру бөлімінің әдіскерлері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатыстырылады. Іс- шаралар кезінде аудан көлеміндегі барлық азық-түлік дүкендер, орталық базар, жәрмеңке, шаруа қожалықтары, ауылдық округтердегі егін шаруашылықтары тексеріледі. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша жасөспірімдерді заңсыз еңбекке тарту фактілері анықталған жоқ. «Жасыл ел» мерзімдік ақылы жасаққа қабылданған жасөспірімдердің ішінде де еңбек нормаларын сақтай отырып, ата-аналарының рұқсат қолхаттары негізінде жұмыстар ұйымдастырылу керек,- деді аудандық полиция бөлімі бастығы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Дастанбек Расулиев. 
Жиын барысында көтерілген мәселелердің барлығы бір ғана шындықты аңғартты : бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету кездейсоқ немесе науқандық жұмыс болмауы тиіс. Бүгінгі ата-аналар жиналысы тек баяндама тыңдайтын алаң емес, ой бөлісіп, жауапкершілікті терең сезінетін маңызды кездесу болды. Әр спикер өз саласы бойынша нақты дерек келтіріп қана қоймай, бала тағдырына қатысты азаматтық ұстанымын да ашық жеткізді. Бұл басқосудың маңызы да осында. 

«Бала қауіпсіздігі – отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі» тақырыбындағы жиын көптің көкейіндегі маңызды сұрақтарды қозғады. Басқосуда айтылған пікірлер мен ұсыныстар бала қауіпсіздігіне қатысты жүйелі жұмыстың қажет екенін тағы бір дәлелдеді. Қауіпсіз ұрпақ қалыптастыру – бір күндік жұмыс емес. Ол – әр күнгі тәрбие, әр сәттегі қадағалау, әр отбасы мен әр мекеменің ортақ жанашырлығынан басталатын үлкен міндет. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT