Өркенді өңір белесі

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ӨЗ ЖОЛДАУЫНДА ӨҢІРЛЕРДЕГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРДЫ ДАМЫТУ ЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚУАТЫН АРТТЫРУДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ ЕКЕНІН АТАП ӨТТІ. 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ҰЛТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОСПАРДА КӨЛІК, ЭНЕРГЕТИКА, СУ¬МЕН ЖАБДЫҚТАУ, ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ 200-ДЕН АСТАМ ЖОБА ҚАМТЫЛДЫ. БҰЛ ЖОБАЛАР ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРЫП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ.

« Өңірлерді дамыту » тұжырымдамасының маңызды бағытының бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Атап айтсақ жол, тұрғын үй, сумен жабдықтау, электр энергиясы және интернет желісі сияқты негізгі инфрақұрылымды жақсарту өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта ауданымызда сапалы ауыз сумен қамту, электр желілері мен жылу жүйелерін жүргізу, ауылішілік жолдар салу, тұрғын үймен қамту, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі сынды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Ел игілігі үшін жасалып жатқан оң өзгерістерге ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде. Осындай игі бастамалар жүзеге асып жатқан Есбол ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға көз жүгіртсек. 

Есбол ауылының Жайық өзені жағалауын бекіту бойынша жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, шілде айында сараптама қорытындысы алу жоспарланып отыр. Жаға бекіту жұмыстарын жобалаушы мекеме ЖК «Джаксыбаева Б.С» және жоба құны 8035, 7 мың теңгені құрайды. 

Округке қарасты 2,6 шақырымды құрайтын ауылдың ішкі көшелерін күрделі жөндеу жұмысы өткен жылы басталды. Жыл соңына дейін нысан толықтай аяқталып, қазіргі уақытта қабылдау-тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Сол секілді Ортақшыл ауылының 3,2 шақырым ішкі жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталып тұр. 2026 жылға қосымша 20 000, 0 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Еңбекшіл ауылының 1,3 шақырым ішкі жолдарына күрделі жөндеу жобасы бойынша 2025 жылы 3000,0 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс –монтаждау жұмыстары басталған болатын. Бұл жұмыстар жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде. 

Ауылдық округке қарасты Қосарал, Есбол мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржысына сұраныс берілген . Күрделі жөндеу жұмыстары округтегі «Балақай», «Балдырған» бөбекжайларында жалғасын табатын болады. 

Соңғы үш жылдың ішінде ауданымыздағы 4 ауылда жаңа медициналық нысан салынды. Соның б і р і – Еңбекшіл ауылында орналасқан жаңа медициналық пункт. Есбол ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Ортақшыл ауылында да типтік жобада салынған дәрігерлік емхана жұмыс жасап тұр. 

Ортақшыл ауылынан 200 орындық мәдениет үйі құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Есбол ауылынан жабық спорт алаңының құрылысын бастауға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қарашасында басталды. Ортақшыл ауылында жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында Есбол ауылында жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңы қолданысқа берілді. Еңбекшіл ауылында да ашық спорт алаңы ашылып, жұмыс істеп тұр. Бұл спорттық нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. 

«КТК-К» компаниясының демеушілігімен Еңбекшіл ауылында да жаңа балалар ойын алаңы өткен жылдың қарашасында пайдалануға берілді. Есбол ауылындағы балалар ойын алаңының ескіріп, тозығы жеткендіктен, алдағы уақытта жасанды төсеніші бар жаңа жерге ауыстыру жоспарланып отыр. 

Дамыған инфрақұрылым- қуатты мемлекеттің іргетасы. Өткен жылдың қазан айынан бастап Алға мен Ортақшыл ауылдарының арасындағы электр желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар ауылдарды электр энергиясымен толық жабдықтауға бағытталған еді. Алға және Есбол ауылдық округтеріндегі жаңа мөлтек аудандарда салынған үйлерге жарық тарту, қуат көзі мәселесін дер кезінде шешу аса маңызды болды. 

Ауыл тұрғындары үшін ауыз су мәселесі қашанда өзекті. Ортақшыл ауылында су тазарту қондырғысы жұмыс жасайды. Округке қарасты елді мекендерге су тұрақты жіберілуде. Сәуір айынан бастап жазғы су желісі де іске қосылды. 

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бой көтеріп, заман талабына сай жөндеуден өткен мектептер, мәдениет үйлері, медициналық пункттер, елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары ауданға қарасты өзге де ауылдық округтерде кезең-кезеңімен жалғасын табуда. Бұл ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. 


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT