Отбасы тыныштығы – қоғам тұрақтылығының негізі

Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі. Әрбір адам шаңырағында мейірім мен сыйластықтың болғанын қалайды. Себебі отбасы – тәрбие мен адамгершіліктің бастауы. Алайда бүгінгі қоғамда алаңдатарлық мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін күрделі мәселе.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – адамның ар-намысына, денсаулығына және психологиялық жағдайына зиян келтіретін әрекет. Ол тек күш қолданумен шектелмейді. Қорқыту, кемсіту, үнемі қысым көрсету де зорлықтың бір түрі болып саналады. Мұндай жағдай әсіресе әйелдер мен балалардың өміріне ауыр із қалдырады.

Өкінішке қарай, кей адамдар отбасындағы жанжалды «үй ішіндегі мәселе» деп қабылдап, оған немқұрайлы қарайды. Алайда зорлық-зомбылық ешқашан ақталмайды. Себебі қорқыныш пен қатыгездік бар жерде береке де, бақыт та болмайды. Отбасындағы түсініспеушілік ең алдымен сабырмен, сыйластықпен және өзара құрметпен шешілуі тиіс.

Бүгінде мемлекет тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Заң күшейтіліп, арнайы орталықтар мен сенім телефондары арқылы көмек көрсетілуде. Құқық қорғау органдары да бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Дегенмен, мәселені тек заңмен шешу жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамның сана-сезімін өзгерту.

Отбасындағы тәрбиенің де рөлі зор. Бала қандай ортада өссе, болашақта соған ұқсас өмір қалыптастырады. Егер ол мейірім мен қамқорлықты көріп өссе, ертең қоғамға пайдалы азамат болады. Ал ұрыс-керіс пен зорлық көріп өскен бала психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін.

Сондықтан әрбір адам отбасындағы тыныштық пен татулықты сақтауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Себебі бақытты отбасы – тұрақты қоғамның, ал тыныш қоғам – жарқын болашақтың кепілі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT