Отбасы тыныштығы – басты назарда

Аудан аумағында қолайсыз санаттағы отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жуырда аудандық полиция бөлімі қызмет- керлері мен отбасын қолдау орталығының психологі бірлесіп, профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Шараның негізгі мақсаты – отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың алдын алып, азаматтарға дер кезінде психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Осы бағытта мамандар бірқатар отбасының үйлерін аралап, олардың тұрмыс жағдайы мен психологиялық ахуалын зерделеді. Әр отбасына жеке барған мамандар олардың әлеуметтік жағдайымен танысып, туындап отырған мәселелердің себеп-салдарын анықтауға назар аударды. Сонымен қатар тұрғындарға құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Полиция қызметкерлері заң та¬лаптарын кеңінен түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары туралы ескертті. Әсіресе, тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері басты назарда болды. Жалпы отбасындағы түсініспеушілік көбіне өзара тыңдай алмаудан туындайды. Сондықтан біз ең алдымен диалог мәдениетін қалыптастыруға мән береміз. Эмоцияны басқару, мәселені бейбіт жолмен шешу – тұрақты отбасының негізі. 

Психолог маман ретінде отбасы мүшелерімен жеке әңгімелесу жүргізіп, олардың ішкі күйзелістері мен өзара қарым-қатынастарындағы қиындықтарды анықтадым. Сонымен қатар ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты кеңестер беріліп, бала психологиясының ерекшеліктері түсіндірілді. Шара барысында кейбір отбасыларға әлеуметтік қолдау қажет екені анықталып, тиісті мекемелермен байланыс орнату жолдары ұсынылды. Азаматтарға арнайы орталықтардың көмегіне жүгіну мүмкіндіктері де айтылды. 

Мұндай алдын алу шаралары отбасындағы кикілжіңдердің ушығуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Тұрғындар тарапынан көрсетілген түсіністік пен қолдау да жұмыстың нәтижелі өтуіне оң әсерін тигізуде. Аудандық полиция бөлімі алдағы уақытта да осындай профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырып, әрбір отбасының амандығы мен қоғамдағы тәртіптің сақталуына өз үлесін қоса бермек. 


Гүлназ ТӨЛЕШОВА, 
аудандық отбасын қолдау орталығының психологі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT